Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Арал теңізін аман сақтап қалу мен су арнасын толтыру үшін күш біріктірмек. Бұл жайлы Сенат депутаттары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірлік бюро директорымен кездесуден белгілі болды.
Екі тарап кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арасында ынтымақтастық жайлы, 30 жылдық серіктестіктің арқасында қандай қарым-қатынас орнап, жетістіктерге қол жеткізгені жайлы сөз болды. ҚР Парламент Сенатының төраға орынбасары Ольга Перепечина елдің денсаулық сақтау саласында халықаралық ұйыммен қандай бірлескен жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі – ұлт денсаулығын жақсарту. Елімізде медициналық инфрақұрылымдарды кешенді түрде жақсартуға көңіл бөлініп жатыр. Келесі жылы ауыл тұрғындарының қажетін өтеуге бағытталған ұлттық жоспар жүзеге аспақ. Яғни, аудандық 32 аурухана қайта жабдықталып, жаңғыртылып, аймақаралық көппрофильді мекемеге айналдыруды көздеп отырмыз. Ал екі жылдың ішінде 650 ауылда медициналық және фельшер-акушерлік пунктілер салынып, толықтай жабдықталады", - деп дерек келтірді вице-спикер.
Кездесу барысында ерекше сөз болған тақырып – Арал теңізін тартылудан аман алып қалу мәселесі. Спикерлердің айтуынша, Аралды аман қалу үшін аймақаралық, тіпті халықаралық деңгейде күш біріктіру қажет.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 77-дебатында Арал теңізінің тартылып бара жатқанын мәселе ретінде көтеріп, халықаралық ұйымдарды бұған назар аударуға шақырған еді. Экологиялық және климаттық мәселені бірлесіп шешуге шақырды", - деп тілге тиек етті Ольга Перепечина.
Оның айтуынша, ЕҚЫҰ ПА-ның шілде айында өткен сессиясында Қазақстан мен Өзбекстан елдері бірігіп Арал теңізін аман алып қалуда жобаларды бірге жүзеге асыруға келісе отырып, Ұйымның өзге мүшелеріне де бірлескен үндеу жасады.
"Келесі жылы ЕҚЫҰ ПА депутаттары Қазақстанға келіп, Арал өңірінің апат ауқымына көз жеткізіп, жай-күйімен таныспақ. Ынтымақтастық жолдарын талқылайды. Қазақстан Еуропа аймақтық бюроның көмегімен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарын Арал өңірі халқының денсаулығын зерттеуге тартуды жоспарлап отыр. Зерттеу әдіс-тәсілдерін әзірлеу үшін күш-жігер мен ресурстарды біріктірмек. Қазақстан соған көмек көрсетуді сұрайды", - деп сөзін түйіндеді парламент вице-спикері.
Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге ортақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мен ел халқының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесуге әзір екенін білдірді.