Тіл – тұтас ұлтты, халықты танытатын ең маңызды құндылық. Ертең Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі. Жыл сайын осынау мерекені барша қазақстандыұтар дәстүрлі түрде тойлап келеді. Мемлекет басшысының "Біз барлығымыз бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор - мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет" деген сөзі барша қазақстандықтарға қарата айтылған орынды сөз деп білеміз.
Біз осының алдында қазақ тілі туралы шетелдік ғалымдардың пікірін жариялаған едік. Енді отандық тілші, әдебиетші ғалымдардың пікірлерін беруді жөн санадық. Ана тілімізді ұлықтау, оған құрмет көрсету, оны насихаттау әрбіріміздің қасиетті борышымыз.
Ахмет Байтұрсынов.
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.
Мұхтар Әуезов.
Көген көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
Мағжан Жұмабаев.
Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.
Ғабиден Мұстафин.
Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық. Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды.
Халел Досмұхамедов.
Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.
Нұртас Оңдасынов.
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады...