- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ студентіне не...
Қазақ студентіне не жетпейді?
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде "жастардың басты капиталы - сапалы білім" деген екен. Расымен де, алаштың болашағы бүгінгі студенттің қолында емес пе? Сондықтан да, келешек тұтқасын ұстайтын студенттерімізге көңіл қуантар қолдаулар көрсетіліп жатыр. Дегенмен, сол қамқорлық бүгінгінің студентін қанағаттандыра ма? Осы орайда, студенттер мерекесі қарсаңында жаңа ғасырдың жалынды студенттеріне "Студент, саған не жетпейді?" деген сауалды тастап көрдік. Ендеше, студенттің жанайқайына құлақ түріп көріңіз!
Фариза Хасилан. Қазақ Ұлттық Университеті (3-курс)
Басқа жоғары оқу орындарына қарғанда, біздің ҚазҰУ студенттеріне барлық жағдай жасалған. Бұл тұрғыдан алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Білетін боларсыздар, университетіміздегі сабақтар бірнеше жылдан бері кредиттік жүйе бойынша жүргізіліп келеді. Жүйені жақтамаймын емес, қолдаймын! Бірақ, кейбір сабақтарымыздың мағынасыз өткізілетіндігіне көңілім толмайды. Кейде тіпті өзіміз қалаған сабақты да оқи алмаймыз. Осы жүйенің салдарынан өзіміз қалаған бағытта жеке жұмыстар жасауға да уақытымыз бола бермейді. Қазір үшінші курстың бел ортасына жетіп қалдым, бірақ, мен ғана емес, қатарластарым да маман болуға ешқандай дайын емес. Әйтеуір жақсы балл алып қалудың қамымен жүргендер бәрі... Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін әр тоқсан сайын әр студенттің қалауы бойынша бірнеше мекемелерге практикаға жіберіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді
Шералы Бекболат. Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университеті (3-курс)
Қазіргі студенттерге баспана маселесін шешіп беру керек. Панасы жоқ, қарны аш, жағдайы жоқ студент қалай дұрыс білім ала алады? Ал білім жағынан әр студент өзінің мамандығын құрметтеу керек. Бұл студенттердің кемшілігі. Сонымен қатар қазіргі студенттер абақтыда жүрген сияқты әйтеуір осы университетті тезірек қалай болса солай тапсырып бітіру керек дегенді бағдарға алған. Біреу соларды зорлап оқытып жатқандай. Сондықтан болашақта әр студент өзінің білікті маман бола алатындығын елестете алуы үшін, мамандығына деген сүйіспеншілігін ояту үшін студенттерді практикалық біліммен ұштау керек. Сонда ғана студенттерде қызығушылық артады және ойларында "мен бітіргеннен кейiн өз мамандығыммен жұмыс істемеймін" немесе "бизнеспен айналысамын" т.б деген түсініктер қалыптаспайды. Сондай-ақ шәкіртақыны көбейту керек....
Азиз Али. Орталық-Азия университеті (2-курс) Ең алдымен барлық қазақстандық студенттерді алда келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Ал сауалыңызға былай деп жауап берер едім: жақсы білім алып,ата-ана үмітін ақтау үшін кейбір студенттерге сана жетпейді. Ал саналы студенттерге әділетті, пара алмайтын, білімді ұстаздар жетпейді. | |
Нұрила Қали. М.Әуезов атындағы ОҚМУ (3-курс) Ұсақ-түйектер ғана болмаса, студентке бәрі жетеді. Барлық жағдай жасалып қойған. Тек қана ынта мен талпыныс жоқ. Қазақ "білім - инемен құдық қазғандай" деп жатады ғой. Ал мына заманда құдық қазып жүрген ешкім жоқ. Бәрі де білімсіз ақша табуды ғана ойлады. Жас демей, кәрі демей бизнестің соңына түсіп кеткен... | |
Орынбасар Рысбек. ҚазҰТУ (1-курс). Биыл ғана студент атандым. Алматының студенті болудың оңай емес екендігін түсініп жатырмын. Нақтырақ айтсам, баспана мәселесінен қиналып жүрген жайым бар. Мынадай қымбатшылық басым қалада 15 мың шәкіртақы ештеңеге жетпейді. Тағы айтарым, мұғалім мен шәкірт арасында еркін қатынас мүлде жоқ екен. Бәріне шектеу қойып тастаған... | |
Айдана Айбекова. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ (4-курс). Медицина саласы басқаларға қарағанда асқан жауапкершілікті талап етеді. Сабақтарымыз да өте қиын. Менің айтар өкпем өзімнің замандастарыма еді. Бүгінгінің студенттері - жалқау. "Ертең қандай маман боламын?" деген ой түстеріне де кіріп шықпайтын секілді. Бір нәрсені білуге, зерттеуге деген ынталары байқалмайды. Білім саласына арналған психологиялық тренингтер керек сияқты. Сондай-ақ, қаламыздағы жолақының қымбаттағаны, шәкіртақының аздығы барлығымызға кәдімгідей ауыр тиіп жатыр. |
Біздің сауалымызға қазақ жастары осылай деп жауап қатты. Ал сіз не дейсіз, студент? Ел тұтқасын ұстар білікті маман атану үшін сізге не жетпейді?
Сауалнаманы жүргізген: Айгерім Сматуллаева