- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ студенті: "Ер...
Қазақ студенті: "Ер – туған жеріне"
Массагеттіктерге қызық болар деген ниетпен Германия, Ресей секілді мемлекеттерде оқу мүмкіндігіне ие болған, шет елдің білім беру сапасын өз көзімен көріп, жүрегімен сезінген жас студент Алмат Әженовпен әңгіме-дүкен құрған болатынбыз. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.
Алмат Әженов 1989 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 2007 ҚазҰТУ-дың Ақпараттық жүйелер институтының бакалавриатына түсті. 2011 жылы ҚазҰУ-дың Есептеу техника және бағдарламалық қамсызданыру мамандығының магистранты атанды. Алмат осы уақытқа дейін Германия, Ресей елдерінде білімін жетілдіріп, білім алып үлгерді.
Алмат мырза, өткен жылы Ресейге барып алты ай шамасында оқып келдіңіз. Ол жаққа қалай тап болдыңыз?
Менімен бірге біраз магистранттарды 2012-2013 оқу жылында, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті атынан Шанхай ынтымақтастығы университеттері бірлестігі аясында Ресей Федерациясына оқуға жіберді. Мені Санкт-Петербург қаласының ақпараттық технологиялар, механика және оптика ғылыми зерттеу университетіне тәжірибе алмасуға оқуға жіберді.
Оқу барысында не түйдіңіз?
Атың барда жер таны есіп жүріп,
Асың барда ел таны беріп жүріп, – деген.
Жалпы ел көру, өзге елді ішінен көру адамның жан-жақты қалыптасып, дүниетанымын арттыруга септігін тигізеді. Ресей Федерациясының білім беру саласында біраз реформалар жүргізіліп жатыр, біздің мемлекетімізде қалыптасқандай батысқа еліктеушілік басым. Тәжірибе алмасу барысында Ресей Федерациясы студенттерін Ұлыбритания, АҚШ-қа оқуға көптеп жіберіп және аталған мемлекеттерден дәріс беруге профессорлар шақыртып жатыр. Бұл жағдай біздің мемлекетімізде де қалыптасып келе жатыр. Жалпы білім саласында РФ-ның материалдық базасы мықты деңгейде. Көптеген ғылыми проектілерді өз алдына жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.
Қазақстан көрші елден бұл тұрғыда не үйрене алады?
Алған асуларымыз мол болса да буындарымыз әлі де болса бекіген жоқ. Жоғары оқу орындарында сапалы оқу әдістемелік құралдар, ғылыми-зерттеу орындары, жұмыспен қамту өз деңгейіне жете алмай отыр. Заманауи ғылыми-зерттеу орталықтары негізінен Астана қаласында Назарбаев университетінде ғана шоғырланып отыр. Мемлекет тарапынан гранттар берілген ғылыми жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық базаны қалыптастыру керек. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар тек ғылым саласына емес сонымен қатар еліміздің өндірістік потенциялын арттыруға да бағытталуы қажет. Жастар білімге талпынуы керек.
Ресей елінің студенттерінің білім сапасы қандай деңгейде?
Ресейде көптеген жоғары оқу орындары бар. Онда көптеген студенттер білім алып жатыр. Бес саусақ бірдей емес, бірақ айта кететін жайт Ресейдің ғылыми-техникалық, өндірістік потенциалын қазіргі деңгейге жеткізіп отырған білімді жастардың үлес салмағының басымдығы. Сан мен сапаның үйлесімі.
Қазақ студенттерінен қандай айырмашықтары бар?
Студенттің білім алуына, өз ісінің маманы әрі саналы тұлға болып қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді. Оның бірі табиғи фактор яғни білікті-білімді отбасында дүниеге келуі. Ал қарапайым отбасында туылған бала не істейді? Адамның түйсігін қалыптастыратын небір қозғаушы күштер бар, солардың бірі мотивация, тәрбие жұмыстары. Әл-Фараби бабамыз: "Тәрбиесіз білім – надандық", – деген. Меніңше балабақша, мектеп қабырғасынан бастап осы мәселелерге баса назар аударылуы керек.
Болашақта қай елде білім алғыңыз келер еді?
Мамандығым Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтама. Ақпараттық технология саласы Ұлыбритания, АҚШ-та жақсы дамыған. Осы елдерде білім алып елге оралып Мемлекетіміздің жарқын болашағының қалыптасуы жолында қызмет жасасам деген ойым бар. Себебі “Ит тойған жеріне, ер – туған жеріне!”.
Сұхбаттасқан: Еркебұлан Сатқанбаев
сурет: Алмат Әженовтың жеке мұрағатынан