Қазақ сайттары редакторларының конференциясы өз жұмысын аяқтады

Қазақ сайттары редакторларының конференциясы өз жұмысын аяқтады

Астанада өткен қазақ сайттары редакторларының конференциясы өз жұмысын аяқтады. 9:30-да басталып, 17:00-ге дейін созылған конференция ҚазНеттегі қордаланған біраз мәселенің басын шалды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Қарин: "Бұл қазақ интернет сайттарының проблемаларын ашық алаңда талқылап отырған алғашқы жиын" екенін атап өткен еді. Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев министрліктің соңғы жылдары қазақ интернетіне арнайы көңіл бөліп, әжептәуір қаржы аударып келе жатқанын айтқан болатын.


Мамандар төрт бөлім бойынша тақырыптарды талқыға салып, шешу жолдарын қарастырды. Алғашқы бөлімде сөз алған Айдос Сарым: "Қазақ интернеті үлкен күшке айналып келе жатыр" дей келе, "Кирилл қарпінен латын қарпіне аударатын бағдарламаны өз қаражатымызға жасатып, қазақ сайттарына беруге дайынбыз" деді.  

Ал CNP Processing GmbH интернет процессорының бас менеджері, «AWARD.KZ Ұлттық интернет сыйлығы» қоғамдық қорының директоры Константин Горожанкин: "Мемлекеттен қолдау күтіп отырғанша, өз бетімен әрекет еткен дұрыс" деді. IT-tirlik журналының бас редакторы, IT маманы Тимур Бектұр қазақ сайттарын пайдаланушылардың селқостығын баса айтып, қолданушыларды контент жасауға шақырды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, терминолог Шерубай Құрманбайұлы терминдердің 31 томдығы жасалып жатқанын атап өтті.

Соңғы бөлім спикерлері интернет журналистиканың олқы тұстарын талқыға салып, авторлық құқық жайында ойға қонымды біраз сөз айтты. Қазақ интернетінің журналистері арасында сауатты журналистердің саусақпен санарлықтай екеніне тоқталып, тағы да маман даярлау мәселесіне келіп тірелді. 

"Мінбер" ұлттық интернет газетінің жетекшісі – бас редакторы Есенгүл Кәпқызы: "Блогшылар контентті дамытуға қатысқанымен, интернет журналистикада кәсіби журналистер болуы керек" деді.


Асхат Еркімбай, Жанарбек Матай сынды ҚазНет майталмандарымен қатар, Қытайдағы қазақ тілді сайттарының алғашқы құрылтайын ұйымдастырушы  Ақытбек Шеризатұлы шет елден скайп арқылы байланысқа шығып, ой бөлісті.

Интернет мамандары бас қосқан конференцияда Массагет.кз порталы да ескерусіз қалған жоқ. Олар қазіргі кезде Массагет, Екпін секілді сапалы сайттардың пайда болып, дамып жатқанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, шараны "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы, "Аbai.kz", "Аlash-orda.kz" ақпараттық орталықтары мен "Мinber.kz" журналистерді қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Жобаға "Қазмедиа орталығы" мен "Қазконтент" АҚ та қолдау білдірді.


Қазақ интернеті тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған қазақ сайттары редакторларының конференциясы қазақ контентін жасаушылардың деңгейі мен күшін көрсетіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына септігін тигізгені сөзсіз. Бастысы көтерілген көп мәселе шешусіз қалмайды деуге толық негіз бар. Конференциядағы қазақ интернетін дамытуға қатысты ұсыныстар алда жинақталатын болады.

Астана қаласынан арнайы Массагет.кз үшін Мейіргүл Оңғарова
   
 
Р. Роза