- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ полициясының бір...
Қазақ полициясының бір күні
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осынау мереке жыл сайын дәстүрлі түрже атап өтіліп келеді. Бұл күн бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып, өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні десек те болатындай.
Полиция қызметкері – халықтың қорғаны десек еш қателеспейтініміз анық. Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін осы сала қызметкерінің бір күні қалай өтетінін білесіз бе? Қарапайым адамға жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет болғандықтан, полцейдің бір күндік жұмысы оңай емес екеніне көзіңіз жетеді.
Жұмыс уақыты ерте басталады. Таңғы сағат 07:00-де кезекші бөлімнен қару алу уақыты.
Сағат 07:30-да сапқа тұрғызылып, кезекшілікті қабылдау уақыты.
Бүгінгі жұмыс күнінің мақсаттары мен міндеттері, тапсырмалары беріледі.
Көпшілігімізге мәлім болғандай Алматыда көлік саны өте көп. Алматы қаласы үлкен мегаполис болғандықтан, жол жүру ережесі жиі бұзылып жатады.
08:00-09:30 – көлік қозғалысын реттеу уақыты. Көлік қозғалысын реттеуде полицейлердің рөлі зор. Күнделікті жол ережесінің бұзылуын болдырмау үшін кірпік қақпай еңбек етеді.
Мұнда жол кептелісін болдырмау, жолда жүру ережесінің дұрыс сақталуы жіті бақыланады.
10:00-12:00 – физикалық дайындық уақыты. Қызметкер үшін дене дайындығы үлкен маңызға ие. Себебі, ол кез келген жағдайда қылмыскермен жекпе-жекке шығып қалуы мүмкін. Сол кезде қызметкер физикалық дайындықта болуы қажет.
Полицейлер жүгіруден, жүзуден норматив тапсырады. Өйткені олардың жұмысы спортпен қатар жүреді.
Бұл қызмет төтенше жағдай орын алған жағдайда тез іске кірісу үшін әрдайым дайындықты талап етеді.
Қызметкер әрдайым физикалық дайындықта болуы керек. Жұмыс барысында ойда-жоқта небір оқыс оқиғалар, қылмыстық әрекеттер орын алуы мүмкін. Сол себепті де полицей үнемі жеткілікті деңгейде әр іске дайын жүруі тиіс.
Полицейдің жанында үнемі қару жүретіні белгілі. Қару – оның қорғаны.
Қаруды ұстаған адам нысанаға дәл тигізуі керек. Өйткені, мүлт кеткен бір қателіктің соңы үлкен өкінішке ұласуы ғажап емес.
Жай адам қателескенмен, полицей қателеспеуі тиіс.
Полицейлер арнайы ант қабылдайды. Сол берген антына адал болу үшін өз сөзі мен лауазымына берік болуы керек. Әр маман өз жұмысын сүйіп атқарса, жақсы көрсе ғана жақсы қызметкер бола алады.
Қызметкер жұмыс барысында қойылған талаптар уақытында орындауға міндетті. Өйткені, бұл адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет саласы. Қызметкер барлығына жауапты.
Полицей қызметкері дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруі қажет. Қызмет болған соң, әр түрлі оқыс оқиғалар (көлік апаты, өрт, тонау, т.б.) орын алады. Мұның барлығына төзу оңай емес. Себебі, полицейлер де адам баласы. Оларда да жүрек бар екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Полицей бүгін өзін не тосып тұрғанын білмейді. Қызмет қылмыспен күресу болғандықтан, өзіндік ауыртпашылығы бар. Алайда, полицейге ешқандай сылтау жүрмейді.
Қарбаласы мол бір күндік жұмыс күні аяқталғасын, қызметтік қару қайтадан кезекші бөлімге тапсырылады.
Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей бұл қызмет жауапкершілігі мол жұмыс. Ең басты міндет – адам өмірі, ел қауіпсіздігі. Ел үшін аянбай қызмет етуде полицейлердің еңбегі ерен. Мереке қарасаңында, барша отандық полицейлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым жұмыста табысты болыңыздар!
Ж. Жұмағұлов