Археологиялық деректерге және тарихи жазбаларға негізделгенде қазақтың тегіне тығыз қатысы бар ерте заман ру, ұлыстық елдерде жазу болғаны, оқу-ағарту істерінің де болғаны байқалады.
Бірінші, ертедегі оқу-ағарту.
Есік қорғанынан шыққан күміс тостағандағы жазу, біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-І ғасырларда батыс өңіріне жіберілген ғұн патшасының жолхаты, үйсін еліне жіберілген Қытай патшалығы ханшаларының үйсін тілін үйренуі қазақтың тегіне қатысты ерте заман ұлыстарында оқу-ағартудың болғанын дәлелдейді.
Ғұндардың, үйсіндердің, оғыз-қыпшақтардың және керей, найман сияқты ұлыстық мемлекеттердің бақсы-балгерлері ерекше орны бар оқымыстылар болған. Мысалы, «Ханнама батыс өңір шежіресінде»: «Хан патшалығының әскері келетінін естіген соң ғұндар бақсы-балгерлер жіберіп, олар жүретін жолдар мен өткелдерге сиыр, қой көмдірді де, сиқыр дұға оқытып әскерлерді құртатын бөгет жасады», – делінген. «Тарихнама» мен «Ханнамадағы» үйсін еліне тән материалдарға негізделгенде, профессор Жаң Шиян: «Сол замандағы үйсіндердің жазуы болғанына кәміл сенемін, бұл жазудың қашан да табылатыны сөзсіз», – дейді. Уаң Миң Жы мен Уаң Биң Хуа «Үйсін туралы зерттеу» деген кітабында үйсіндер мен хан патшалығы арасындағы қарым-қатынастар жөніндегі тарихи деректерге және үйсін еліндегі әр деңгейдегі мансаптыларға зерттеу жүргізе отырып, сол тұстағы ұқсамаған ұлыстар арасындағы саяси, шаруашылық, мәдениет саласындағы барыс-келістер үшін тілдің аударылуы, аудармашы мансаптыларының қойылуы аса қажетті еді деп жазады да, Шияң Фу ханшаның үйсін тілін үйренуін мысалға ала отырып, үйсін елінде қалай да «аудармашылар бастығы», – болған дейді. Бұл ـــ үйсін елінде шетелдермен қарым-қатынастың қажеттілігі үшін аудармашыларды тәрбиелейтін, басқаратын уәзір болған деген сөз.
Қазақ халқын құраған керей, найман, уақ сияқты ұлыстық мемлекеттердің көне түркі жазуын қолдануы оқу-ағарту жұмыстары болмайынша жүзеге аспақ емес. Бартолд пен Әлкей Марғұланның зерттеуінше, «бітік» ـــ ғұн дәуірінен келе жатқан ескі сөз. Шыңғысхан дәуірінен бұрын қазақ даласындағы қыпшақтар, қаңлылар, оғыздар, қарлықтар, керейлер, наймандар, шектілер, қияттар, үңгіттер, яғмалар өздерінің атақты бітікшілері, абыздары, бақсылары болған елдер. VIII ғасырда шу қаласын мекендеген қарлықтардың елге білім тарататын ұстаз бітікшісін Әли Шашақ деп атаған. Рашид-Ад-Диннің жазуынша, керей Он ханының ұлы бітікшісі Құтты Бұка барлық керей елін жазуға үйреткен. Ал найман ханы Таянның атақты орда бітікшісі Тататұңа найман елінің ірі оқымыстысы болғанның үстіне, Шыңғысханнан наймандар жеңілген соң Шыңғысханның ордасында оның балаларына жазу үйреткен.
Ислам діні тарағаннан кейін қазақ халқын құраған қаңлы, қыпшақ, жалайыр, дулат тайпаларынан араб тіл-жазуын толық игерген ірі ғалымдер шыққан. Мысалы, Әбунасыр әл-Фараби, Жамал Қарши, Мұхамед Хайдар, Қадырғали Жалайыри тағы басқалар.
(Жалғасы)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com