- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ жерінде туризм...
Қазақ жерінде туризм саласында жасалған алғашқы қадамдар
Тарихта мемлекетаралық қатынастардың негізгі байланыстырушы қызметін атқарған Ұлы Жібек Жолы қаншалықты маңызды болса, осы жолдың ен ортасында орналасқан Қазақстан Республикасының маңызы да аса жоғары.
Ел аумағындағы көркем қалалар мен кең байтақ жердің сан алуандығы ежелден-ақ саяхат және туризм нысандары болып табылған.
Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар XX ғасырдың 20-30 жылдары пайда болған. 1929 жылы Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімі қатысуымен Алматы қаласында тұңғыш 62 км туристік жорық ұйымдастырылды. Бұл жорықтың алғашқы нүктесі Алматы төңірегінен бекітілсе, соңғы нүкте ретінде Есік көлі белгіленген.
1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанында В.Г. Горбунов төрағалығымен пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Сол жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен құралған топ Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы көлі маршрутын қамтыған тағы бір туристік жорық жасалды.
Ал, 1931 жылы қаңтарда Алматыдан альпинизм және туризмнен спорт шебері Виктор Зиминнің бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. Бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкінің сегіз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтіп Қордай асуы арқылы Қырғызстанға жетті. Сол жылы Алматыдағы Жетісу губерниясы мұражайының жанынан Бүкілодақтық пролетарлық туризм мен экскурсия ерікті қоғамының алғашқы ұясы ұйымдастырылды.
Бұл қазірде саяхатшыларды өзіне магниттей тартып отырған Қазақстан жеріндегі туризм бағытында жасалған алғашқы қадамдар еді. Осындай жорықтардың жиі ұйымдастырылуы мен ұйымдардың тынымсыз еңбегі нәтижесі осы күндегі жетістіктердің алғышарты болды.
А. Оралқызы