(Басы)
Ділмарат Әметайұлы
2. Әр ұлт аңыз-ертектеріндегі мықан ағашы
Қытайдағы аз санды ұлттардың жасыл төтемге сенуі де киелі ағашқа табынудан айқын көріледі. Төмендегі келтірілген мысалдардан бұны тіпті де айқын көре аламыз.
1) Пәнидің, адам баласының жаралуы туралы мифтердегі мықан ағаш
Қазақтың «Жасағанның әлемді жаратуы» туралы мифтерінде: «...Жасаған қаңыраған жерге тірлік көркін енгізу үшін, ең алдымен жер бетіне жалғыз ағаш – киелі бәйтерек жаратыпты. Бұл ағаш мәуелеп өсіп, күн көзінің түңлігін көтеріпті, өмір тірлігінің өркені алғаш рет осы теректе жапырақ жарып мәуелепті...» делінеді. Дәл осыған сәйкес дұлұң ұлтының мифінде: «Сонау ертеде жер бетінде адам болмапты, тек қана гүл, шөп, ағаштар ғана болыпты. Бір күні аяқ астынан боран тұрып бірнеше ағаш жапырағын ұшырып жерге түсіріпті, олар адамға айналып, бір-бірімен некеленіп, содан бастап адамзат өсіп-өрбіген екен». Ал мәнзу ұлтының мифінде:«Әйел тәңір абыка хы хы (阿不卡赫赫) жауыз албастымен айқасады. Албасты одан бір уыс талдың жапырағын жұлып алады. Олардан кейін адамзат өсіп өркендейді». Жуаңзу ұлтының «Бротоның жермен көкты жаратуы» деген мифінде: «Луто тауында асқан ақылды, керемет күшті, басқаларға қайырымды Брото дейтін шал бар екен... Брото он адамның құлашы әзер жететін бір ағашты кесіп алып, оны Лото тауына шығарып, бар күшін салып, таяған жерге зілдей көкты тіреген заман жер төзе алмай төмен батып кетеді. Брото бақанды тағы бір қозғаған заман көк он екі шоқ бұлтқа айналып, су тәңірі жер астына кіріп кетіпті. Найзағай тәңірі еріксіз жоғарылапты. Сөйтіп көк пен жер жаралыпты. Брото бір күні үлкен бір дұңшу ағашының қасына келген заман есіне өткендегі от түсіп: «Нажағай тәңірі от шығара алғанда, қолымда киелі балтам тұрғанда от шығара алмаймын ба?» деген ойға келеді. Ол бар күшімен дұңшу ағашын шауып қалғанда, айтқандай-ақ от ұшқыны шығады... Содан бастап от пайда болады». Шызу ұлтының «Гаушин мен су тәңірі» деген мифінде: «Бұрын Гаушин деген өте ақылды адам болыпты... Ол талдан екі шар жасап, оған от тұтатып көкке іліп қойыпты, ол күн мен ай екен... Гаушин үйеңкінің жапырақтарын көкке шашып жібергенде жапырақтар құсқа айналыпты. Ағаш бұтақтарынан хайуанаттарды жасап, қалған жапырақтарын суға шашып балық жасапты. Көкке ұшырған ағаш жапырақтары шыбын-шіркейге айналыпты.
Бұл аңыздарда мықан ағашы тіршіліктің нышаны, тірегі болып баяндалады.
2) Топан су, апат туралы мифтердегі мықан ағашы
Наши ұлтының «Сожы» деген мифінде: «Ағайынды үшеуі топан су қаптаған кезде Пуланпу деген ағашқа барып аман қалады». Дәл осындай миф пуми ұлтында да бар. Уазу ұлтының «Тіршіліктің патшасы кім болмақ» деген мифінде: «Аспан барған сайын жерге жақындап, күркіреген дауыс зорайып, алдымен орман-тоғайды онан соң жан-жануарларды апырып-жапырып, ақыры күріш ақтап жатқан бір әйелге төнеді. Әлгі әйел келсаппен аспанды тіреп тұра қалады. Сол шақта гүрс еткен дауыс шығады да, келсапқа соғылған аспан сол серпінімен орнына қайта қайтады».
Лизу ұлты: «Ағаштың барлығында рух болады. Бұл рух адамды тәрбиелеп өсіреді. Адам өлген соң рух ағашқа қайта барып қонып, тыныштық табады деп есептейді». Тужия ұлтының «Шырша туралы аңызында» аспанмен тілдескен зәулім шырша өзінің үсіп өлгеніне қарамастан, жапырағымен тужия ұлтының ұрпағын өлімнен арашалап қалады. Сөйтіп тужия ұлты қайтадан көркейіп-гүлденеді. Қазақ ұлтының мифінде, жер бетінде бір түп алып шынар өсіп, оның үші жеті қабат көкты тіреп, тамыры жеті қабат жер астына дейін барады. Оның әр бір жапырағы адамдардың жанына өкіл болып, ағаш бүрлегенде адам дүниеге келіп, жапырақ пен адам қатар өседі. Ағаш жапырағы сарғайса, адамда пәле-қазаға жолығады деп баяндалады. Ұйғыр ұлты шынар мен қара ағашты киелі ағаш деп есептейді, оны кесуге, киім жаюға, лат су, қан-жынды төгуге тыйым салады.
Міне, көріп отырсыздар. Мейлі қазақ халқында болсын, мейлі басқа ұлттарда болсын, бұларда айтылған мықан ағаш бірде ұлттардың ағашқа деген таңдануынан, табынуынан, сыйынуынан туындаған мифтер мен қиял-ғажайып ертегілердегі қиял-ғажайыптық образ болса, тағы бір жағынан әр ұлттың ресми төтемдік ұғымын аңғартады. Ол бірде адамзаттың қормалы, қорғаны ретінде келсе, бірде ұлттардың қасиетті ағашты өздерінің жаралуындағы негіз деп қарағаны, оны рухани тірек, құдіретті күш иесі деп танығаны аңғарылады.
(Жалғасы бар)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com