Қазақ дүниетанымындағы уақыт өлшемдері

Көшпенділердің уақыт туралы көзқарасы оның өмір сүрген ортасымен, тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болған. Тіпті, уақытқа қойған аттары мен әр мезгілді атауының өзі алдындағы малымен, қанжығасындағы арқанымен ұштасып жатады. Шаруашылық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан уақыт ұғымын білдіретін тұрақты сөз тіркестерінен: аттың жалы, түйенің қомы, сиыр сәске, бие сауым уақыт, сүт пісірім уақыт, қой қоралап ел орынға отырған уақыт, мал өріске шыққанда, мал төлдеген кезде, қошқарға күйек байлаған кезде, мал өрістен қайтқанда болып келсе, тарих тұрғысынан ел санасына сіңіп қалған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи дәуірді білдіретін уақыт өлшемдері бар.

Табиғатпен байланысып жататын өлшемдер: ай туғанда, алғаш қар жауғанда, жер көктегенде, күн арқан бойы көтерілгенде, жұлдыздар өшкенде, күн батарда, күн көтерілгенде, күн еңкейгенде, күн ұясына батқанда, күн күркірегенде, күн төбеге келгенде, қансонарда, қырау түскенде, таң бозарып атқанда, шөп сарғайғанда, жыл құсы қайтқанда, таң сәріде, елең-алаңда болып келеді. Бұдан бөлек әр маусым ауысқандағы күн мен түннің теңелген уақыттарын да қазақ өз түсінігі мен дүниетанымына сай арқардың тас басары, боқырауын, отамалы тектес атаулармен білдіріп отырған.

 

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: egov.kz