Қазақ деген кім? Дәл осындай сауал орта ғасырлардан бастап, жарты әлем халқының санасында тұрды. Алып Дешті Қыпшақ даласына мұрагерлік етіп, Тұран топырағында маң-маң басқан маңғаз, ержүрек ұлттың дәуірлеген тұсында да дүдәмал пікірлер толастамаған. Қытай мен Ресей сынды қос айдаһарға кейіндеп барып қана имене қарағаны болмаса, ертеден ежелгі Қытайды састырып, күллі орысты дәргейінде ұстағаны анық дерек. Осыдан кейін қалай ғана қазақтардың кім екені туралы сұрақ тумасын. Әр ел саясатты меңгерген саяхатшыларын, саудагерлерін жіберіп, толық зерттеуді мақсат тұтқан. Жолы болғандары біздің ел туралы толымды дерек жинай алды. Өйткені шеттен келген келімсек, жат тілді саяхатшыға қазақ қонақжайлық кейіп танытпай қоймайды, әрине. Оқырмандарға сол дәуірлерде, кейінгі кезеңдерде қазақ халқы туралы жазылған мәліметтерден үзінділер ұсынамыз.
***
Марта Олкотт, Америка тарихшысы, Профессор:
"Қазақтар көне тайпалар одағынан құралған. Осындай ұлан-ғайыр жерге иелік ету оларға оңай болмаған. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі осы идея қазақтардың басын қосты".
***
А.И.Левшин, Орыс ғалымы:
"Қазақтардың басқа Азия халықтарына қарағанда қайырымдылығы, адамды аяу, қарттарға көмек көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі айрықша қасиеті".
***
И.Эренбург, Орыс жазушысы:
"Қазақтар кең далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған. Ал қажет болса, жүгіре де біледі, биік тауға өрмелеп те шығады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды".
***
К.Исттемар, Неміс мәдениеттанушысы:
"Азия даласының көшпелі халықтарының бейнелеу өнерінде жануарлар бейнесі өте басым болып келеді. Бұл бейне қазақтардың бейнелеу өнеріндегі бірден-бір негізгі стиль".
***
Григорий Потанин, Орыс саяхатшысы, географ, этнограф, фольклоршы:
"Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді".
***
А.Хадсон, Америкалық этнограф:
"Қазақтардың арасында болған кездерімізде, біз қазақ халқын жақсы көріп кеттік".
***
В.Радлов, Неміс түріктанушысы:
"Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің мол екеніне барған сайын көзім жете түсуде. Қандай әсем сөйлейді. Айтқысы келгеннің бәрін тез түсіндіріп, қарсыласының сөзіне де шебер тойтарыс бере білді. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі".
***
"Қазақ қоғамында үстемдік құрып отырған анархия емес, тек өзіне ғана тән, біздікінен өзгеше және барынша өзінше реттелген мәдени қатынастар".
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: halyksozi.kz