- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақ даласындағы флораның...
Қазақ даласындағы флораның ел туризміне әсері
Саяхатқа шыға қалсақ әдемі гүлдерді көріп, олардың табиғатқа тек сұлулық беріп тұрғанын білеміз. Ал олардың әрқайсысының "қызметі" барын біле бермейміз. Жабайы өсімдіктердің назардан тыс қалуына оның жиі аталып, дәріптелмей келе жатқаны себеп. Ел туризмін дамыту кезінде осы жабайы флораны есте ұстау керек. Мысалы, еліміздің таулы өлкелерінде өсетін сыр мен аңызға толы өсімдіктері жөнінде ақпарат берген дұрыс. Осы мақсатта біз де өз үлесімізді қосайық.
Денсаулыққа пайдалы тау дәріханасы
Соңғы жылдары кипрейдің тағы бір түрі – ұсақ гүлді кипрейдің ерекше бір қасиеті белгілі болды. Қазір ол көптеген ауыр дертке қарсы күрестегі ең күшті дәрілердің бірі ретінде Еуропа елдеріне кеңінен таралып отыр.
Дәрілік кипрейді ұсақ-ұсақ – қызғылт, ақ деуге боларлық бозғылт-алқызыл түсті гүлдерінен тануға болады. Бұл гүлдер ұзындау жіңішке собығында шегеге орнатылғандай боп көрінеді.
Бізде ұсақ гүлді кипрей Кіші Алматы шатқалынан, Медеу мұзайдынының жоғарғы жағындағы орманнан табылды.
Патша шөп
Біздің тауларымызда бұдан улы өсімдік жоқ. Мұндай улы өсімдік, біздің ойымызша, сирек болуы тиіс еді, бірақ ол ну тоғай болып жайқалып тұрады. Тауға көтеріліп бара жатып, уқорғасын нуы арасынан өтуге тура келген кезде, оның биік сабақтары мен қызық жаратылған гүлдері төбеңнен қауіп төндіре төніп тұрады.
Бұл көпжылдық улы шөптесін өсімдік айтарлықтай ылғалы бар таулы ормандар мен альпі белдеуіндегітау шалғындықтарын және өзен жағалауы топырағында өседі. Күрескер түрлерінің (Aconitum) Сарғалдақтар туысына (Ranunculaceae) жатады. Түр Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай тауларын қамтып, 1200-2200 метр биіктікке таралған.
Өсімдіктің барлық бөлігінде аконитин болады. Уқорғасын ем болатын ауру түрін санап тауысу мүмкін емес. Жазушы А.И.Солженицын өзінің «Раковый корпус» хикаятында түп бейнесі өзі деп есептелетін кейіпкерінің өте ауыр обыр ауруы түрін Қырғызсатн тауларынла кездесетін уқорғасынмен емдеп жазғанын суреттейді. Уқорғасынның обырға қарсы, қабынуға қарсы, микробқа қарсы, есірткілік, ауыруды басатын және түйілуге қарсы әсері бар. Өте улы болуынан шектеулі қолданылады. Қазіргі кезде уұорғасын тек халықтық медицинада қолданылады.
Алтай
Алтау тауының кең шатқалдарынан бір рет болсаңыз, сол жерге қайта-қайта барғыңыз келіп тұрады. Алтай табиғаты ерекше бай, сан түрлі. Шығыс Қазақстанның өсімдіктер әлемі өзінің көптүрлілігімен қайран қалдырады. Облыс жерінде республикадағы орман байлығының 90%-ы шоғырланған. Таудың басым бөлігін шырша мен самырсын сияқты қылқан жапырақты ағаштардан тұратын тайга алып жатыр. Жалпақ жапырақты: терек, қайың, көктерек, балқарағай орманы бар, қарағай ормандары кездеседі. Тау ормандарында, көктерек тоғайларында саңырауқұлақтар мол. Мойыл, шетен, үшқат, шәңгіш, итмұрын, таңқурай, қарақат, қарашаш, долана, арша қопа-тоғайлары кең байтақ жерлерді алып жатыр.
Жоғары тау беткейлерінде әдемілігі жағынан альпілікке ұқсайтын шалғындар көсіліп жатыр. Таулы аудандардың солтүстігінде 400-800 метр (теңіз деңгейінен), оңтүстігінде 600-1300 метр биіктікте түрлі шөпті-селеулі және бұталы өсімдіктер (тау беткейлерінде – тобылғы, итмұрын, үшқат, қараған, долана; өзен аңғарларында – қызылтал, мойыл, қарақат, шәңгіш, итмұрын, құлмақ, бөрткен) өседі. 2000-нан 3000 метрге дейінгі биіктікте субальпілік және альпілік шалғындықтар зонасы жатыр.
Алтайдың орташа таулары – әртүрлі климат жағдайлары араласып келетін, сондықтан да мыңдаған өсімдік түрлерінің өсуіне қолайлы, шынында да бірегей орын. Марқакөл қорығы – бұл сөзіміздің нақты дәлелі бола алады.
Ақсу-Жабағылы – қызғалдақтар патшалығы
Ақсу-Жабағылыны шын мәнінде қызғалдақтар патшалығы деп атауға болады. Қорық аумағында кездесетін алты түрлі қызғалдақ түрінің төртеуі көптеген мәдени сұрыптардың ата-бабасы деп есептеледі. Бұл түрлер Қазақстанның, Ресей мен Өзбекстанның Қызыл кітаптарына енгізілген. Қызғалдақтар қорықта кеңінен тарлағна, әдетте сәуірден тамызға дейін гүлдеп, таулы өңірге көз қуантар көрік беріп тұрады. Қызғалдақ – лалагүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық пиязшықты өсімдік. Атауы – парсының toliban (тюрбан) деген сөзінен, гүл қауашығының шығыс бас киімі – сәлдеге ұқсайтындығынан шыққан.
Алғаш қолдан өсірілген өсімдіктің қай түрі екенін қазір анықтау қиын. Бұл Кіші және Орта Азияда кеңінен таралған Геснер және Шренк жабайы қызғалдақтары болуы мүмкін. Персиядан қызғалдақ Түркияға жетіп, онда «лала» деген атауға ие болды. Лала атауы бүгінгі күнге дейін Шығыс елдерінде көп таралған әйел есімі. Түркия бірінші болып бұл өсімдікті қолдан өсірумен айналыса бастады. XVI ғасырда қызғалдақтың 300-дей сорты белгілі болды. Еуропалықтар қызғалдақпен бірінші рет Византияда танысты.
Алтынемел ғажайыбы
Бұл көпжылдық шөптесін және өте сирек кездесетін реликт өсімдік мамыр-маусым айларында гүлдейді. Оны Алтынемел ұлттық паркіндегі Ақтау тауынан кездестіруге болады.
Баянауыл
Шетсіз-шексіз қазақ даласында жоталар мен ұсақ шоқылар көптеп кезедеседі. Олардың кейбірінен аптапты аңызақта саялы көлеңке, салқын бұлақ, неше түрлер шөптер мен көз тартар көріктілік табылады. Оларға Бурабай, Қарқаралы, Баянауыл сияқты баршаға белгілі жерлермен қатар сары дала ортасындағы шұрайлы жазираларды жатқызуға болады.
Баянауыл паркінің түрлі флорасында баянауыл қарағайы мен қарағашты қоса есептегенде 460-тай ағаш түрі бар. Баянауыл қарағайы негізнен жартастар, тас пен өсімдіктің керемет үйлесімін құрай өседі. Қайың, қарағай, көктеректермен қоса – таңқурай, итмұрын, қарақат, долана сияқты жемісті және басқа да бұталар көп өседі. Шалғындық арасында қойбүлдірген мол. Орман арасы сыңсыған саңырауқұлақ.
Г. Берік