- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Қазақ аруы" анықталды!...
"Қазақ аруы" анықталды!
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған "Қазақ аруы" байқауы алғаш рет Астана қаласында өтті. Баян Есентаева продюсерлік еткен байқауда жүздеген қыз бағын сынап, бар болғаны жиырма бірі ақтық сынға өтті.
Сайыс қатысушыларының сыртқы сұлулығы ғана емес, таланты, ең бастысы, өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін, әдебиетін білуі бағаланды. Сондай-ақ, арулардың бойларының 170 сантиметрден кем болмауы, шаштарының ұзын болуы да қадағаланды. Ел арасында кең танымалдылыққа ие болған байқау мыңдаған қазақстандық асыға күтетін ұлттық шоуға айналды десе де болады.
2014 жылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі, арулар Қазақстан дизайнерлерінің сәнді киімін киіп шеру жасады. Бұл жылы конкурсқа қатысушыларға көйлекті "Jaka Fashion" сән үйінің суретші-дизайнерлері Аида Кәуменова, Малика Усупова және Наиль Байкучуковтар тігіп берген. Қатысушылар мұнан басқа өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, би бойынша сайысқа түсіп, Қазақстанның эстрада жұлдыздарымен бірге дуэт болып ән айтты.
Әділ қазылар қатарында болған Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Болат Мажағұлов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев, театр және кино актері Ғани Құлжанов, белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей, дизайнер Аида Кәуменова, отандық опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева, ақын Айнұр Тұрсынбаева, «Қазақ аруы-2014» байқауының бас продюсері Баян Есентаева және қазылар алқасының тұрақты төрайымы ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықовалар қазақтың ең сұлу қызы деген атаққа жиырма жастағы экономикалық лицейдің түлегі маңғыстаулық Гүлназ Жоланованы лайық деп тапты.
Гүлназ Жолановаға "Қазақ аурының" былтырғы жеңімпазы Әйгерім Қанатбаева алтын тәж тапсырды. Сондай-ақ, жеңімпазға сәукеле сыйға тартылды. Жүлделі бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының 20 жастағы тұрғыны Аяулым Ерғазы иемденді. Ал екінші орынды Маңғыстау облысының тұрғыны Ұлпан Нұрманова, үшінші орынды Астана қаласының 17 жастағы тұрғыны Гүлмарал Қажыхан қанжығасына байлады.
Кеште Маржан Арапбева, Айқын Төлепберген, Серік Ибрагимов, Қарақат Әбілдина сынды жұлдыздар өнер көрсетті.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com,lada.kz, 24.kz