«Canon Қазақстан» мен «National Geographic Қазақстан» журналы ұйымдастырған байқау мәресіне жетті. Фотосурет өнеріне қызығатын қазақстандықтар арасында жарияланып, екі айға созылған байқау барысында редакцияның бірнеше әлеуметтік желідегі (facebook, vk, instagram) парақшаларына екі мыңға жуық сурет келіп түскен болатын. Еліміздің барлық дерлік өңірінен жолданған туындылар шын мәнінде қайталанбас болып шықты. Ең белсенді аймақтардың қатарына Батыс, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары тұрғындарын жатқызуға болады.
Үздіктерді іріктеу оңайға соққан жоқ. Барлығы да әділ болуы үшін арнайы коммисия құрылатынын да бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Комиссия құрамына «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, «Canon Қазақстан» компаниясы және «National Geographic Қазақстан» журналының өкілдері мүше болды. Ереже бойынша фототуындылар арасынан бір ғана жеңімпаз анықталуға тиіс болатын. Алайда оқырмандар тарапынан жолданған сан алуан суреттердің таңдай қақтырып, таңғалдырғаны соншалық, конкурс комиссиясының бір ғана жеңімпазбен шектелуге дәті бармады.
Осыған орай, комиссия мүшелері ақылдаса келе, үздік 5 фотосуреттің авторына арнайы сыйлық дайындап отыр. Байқауға жолданған фотоларды таңдау барысында мамандар ең біріншіден сурет композициясы мен оның өзіндік стиліне қарап баға бергенін де еске саламыз. Айта кетерлігі, конкурсқа қатысқан әрі үздік деп танылған 30 суреттің барлығы алдағы уақытта «National Geographic Қазақстан» журналының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.
Сонымен, конкурстың көптен күткен қорытындысына назар аударыңыздар! «Қайталанбас Қазақстан» байқауының алғашқы жеңімпаздарын қарсы алыңыздар! Ал «National Geographic Қазақстан» журналының редакциясы, «Canon» компаниясы мен «Фотоөнер» Қоғамдық Бірлестігі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, оларға алдағы уақытта да тың туындылар тудыратын шығармашылық шабыт тілейді! Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі келесі аптаға жоспарланып отыр.
1-орын: Айбек Аханов (Астана)
2-орын: Ақсындар Табылды (Ақтау)
3-орын: Сәрсенбек Қызайбек (Алматы)
4-орын: Талғат Саматов (Ақтау)
5-орын: Айбек Аханов (Астана)
Дереккөз: nationalgeographic.kz