- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қайран әке...
Қайран әке
– Сатыр-сұтыр оқ жауды, абыр-сабыр ел көшті. Қара күздің суығы сүйектен өтеді. Кемпір-шалдардың шуылдап жұртта қалып жатқандары да бар. Қиямет... Қызырхан сөйлеп отыр. Біз тыңдап отырмыз, таңырқап отырмыз. Жаңа ғана қонақ үйдің есігін қорғалақтай ашып, имене сəлемдескен үркек ботадай үлкен көзі ұясында ойнап, тік қараудан тайсақтай берген жап-жас қана жалтақ баладан мұнша тосын құбылысты кім күткен. Көзі көрген оқиға болса бір сəрі, айтып отырғаны сонау қырқыншы жылдардың хикметі. Өз жасы ұзаса 25-26 шамасында ғана.
– Қашқан ауыл Шаймерден атамыздікі. Ебіл-себіл елін еске шақырайын деді ме екен, сəл кідіргенде қуа атқан оқ қақ жауырынынан қадалып, атынан ұшып түскен. Əбен деген бір ағайын ағызып келіп, құлаған дененің қойнынан алты айлық баланы іліп алып кеткен. Атау-кебінсіз, көмусіз қала берген, қайран əке... Қызырхан алқымы қысылғандай қылғынып қойды.
– Сол жөргегінде жетім қалған – мына қастарыңызда отырған Дəлелхан ағайымыз.
«Апыр-ай, мұнша неғып қоюлатып жібердің» дей ме, əлде өз өмірінің аса қасіретті тұсын еске салғанға ыңғайсыздана ма, Дəлелхан оған бір, бізге бір қарайды. Қызыл шырайынан қан сұйылып, əдемі жүзі ағараң тартқан тəрізді.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Талай боздақ тұқымымен құрып кеткенде, алты айлығында ажалдан қалған Дəкең жер шарының жарты шеңберін айналып келіп, міне, енді Австрия жерінде Венада ошақ ұстап отыр.
Жасында алтайы қызыл түлкідей əдемі-ақ болған шығар, қырықтан асқан қазірдің өзінде Дəлелханның жүзі нұрлы, маңдайы жазық, беті əжімсіз, байсалды. Бүлдіршіндей төрт баласы бар. Түрі өзінен аумаған, бірақ денелі, сұңғақ, он жеті жасар Ержаны ылпылдап қызмет етіп жүр. Сүп-сүйкімді кішкентай Эльмасы тақылдап сөйлеп, əлде түрікше, əлде немісше тақпақ айтады да иіліп тағзым етеді. Əнге асықса Əскербектің домбырасын айналдыра бастайтын əдеттері. Қорабынан шығып, қолдан-қолға ауысып, сол домбыра Дəлелханға келіп жетті. Қос ішекке қол тиді, ыңылдаған үн шықты.
– Ей-ей, угай-ай... Бəсең үннен қызыл домбыраның үні асып түсті. Құлақ күйді Əскербек төмендетіп берді.
– Ей-ей, угай-ай, Угай сəулем, ел қайда,
Ур-рйей-ай!
Баяу, ұнамды үнмен төрт шумақ өлең айтып, тынды. Тынды да күрсінді.
– Е, ел қайда?! Ол шіркін үйреншікті қасірет қой. Соның бəрінен де мына балаларды қазақ етіп өсіру қиын болып барады-ау.
– Түйсіктерін тұспалдап айтатын бұлардың тағы бір əдеті. Əлгі сөздің ар жағында «Шіркін осылардың тілін сындырып, саналарына ұлттық сезім ұялатардай бір шарапат болса ғой» дейтін арман жатқанын аңғарасың. Венада тұратын он екі үй қазақтың бірі Дəлелхан Өздемірдің (Шаймерденұлының) өмірінде осындай бір сыр жатыпты.
Автор: Уахап Қыдырханұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: kokjal.kazjur.kz
M. Auelkhan