Асан Қайғыдан екі сөз
Асан Қайғы жолаушылап келе жатып, бір сараңның үйіне түсіпті. Сараң үйіме қонады деп қорқып, теріс қарап отырып айран құйыпты. Айранын ішіп болған соң, Асан Қайғы:
«Адам бір көргенде жылан,
Екі көргенде құлан,
Үш көргенде адам.
Мырза бері қарап отырыңыз, манадан бері жыланша отырдық, енді құланша отырып жөн сұрайық, содан кейін адам болуды да ойласамыз» депті.
***
Ұзатылып бара жатқан қызы көрісуге келгенде, Асан Қайғы:
- Сүюге бар балам, сүйгеніңе жоқ балам. Құланның өрісі бірге, жусауы басқа деген. Жат жұртқа жаралып едің, енді бөлек жусағалы тұрсың!-деген екен.
Әйелді қорсынбаңдар
Алыс жолдан үй ішін сағынып келе жатып, ауылына жақындағанда Сырым жолдастарына:
- Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жете қонайық,-дейді. Сырымның әйелі ажарсыздау адам екен. Соны әзілдеп жолдастары Сырымға естіртпеген болып:
- Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай әдемі әйеліне асығып келеді екен?!-депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
- Жігіттер, әйелді қорсынбаңдар,
Әйелсіз үйге күй бітпейді.
Қойды «қой» деп қомсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Астымдағы қара атым – тұлпарым,
Қасымдағы қара әйелім – сұңқарым,-деп желе жөнелген екен.
Табалдырықтан биік тау жоқ
Нұрәліні шаппақ болып жүргенде, Сырым батырға ағайындары бөгет жасай беріпті. Сонда Сырым: «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан берік жау жоқ» деген екен.
Тұрәлі айтқан сөз
Адамға үш түрлі қуат керек дейді екен Тұрәлі деген кісі:
- Ақыл қуат, жүрек қуат, тіл қуат. Осының біреуі кем болса жігіт қатарынан кем болады. Жүрек кем болса, топта сөз айта алмайды. Ақыл кем болса, тіл де, жүрек те лағып кетеді. Ал алдыңғы екеуі болғанымен тіл болмаса, үлкен кемдік қылады. Жігітке бірінші, білім керек. Екінші, ғылым керек. Үшінші, ұғым керек. Сонан соң күтім керек, өткір жүрек, орамды тіл керек, сонда жігіт түгел болады.
Қадырдың билігі
Екі ел жауласып, төбелесіп, бір жағы әйелдің бұрымын, бір жағы қыздың бұрымын кесіпті. Екі жағы да бірінен бірі айып сұрап Қадырға келіпті. Екі жағын сұрап болып, Қадыр екі жағына бірдей сұрақ қояды:
- Қазақ құлынды биені күзей ме?-дейді. Екі жағы да:
- Күземейді!- дейді.
- Олай болса, қатынның шашын кескен айып, қыз бала өзі сәндікке де шашын кесіп қояды ғой,-депті.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: veta.kz