Қарт аузынан қалған сөз

Жасы сексенге келіп отырған қарияға бір жас жігіт әңгіме үстінде:

- Қария, сіз сексенге келдіңіз, әр он жылды бел белеске қойғанда не нәрсеге теңер едіңіз? – депті. Сонда қария ойланып:

- Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызыққа тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым. Жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. Жиырма беске жетіп жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған қарап шүйілдім. Отызға келдім, қызыл алтай түлкі болдым, қыран-бүркітке алдырмадым, құмай-тазыға шалдырмадым, қатар өскен құрбы-құрдастың көңілін қалдырмадым. Қырыққа жеттім, арғымақтай аңқылдадым, таң қыранындай шаңқылдадым. Ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылмадым. Елуге келдім, биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ, қай жағы жақын, қай жағы алыс екенін біле алмадым. Алпысқа жеттім, алты тарау жолға кезіктім, жетпіске келдім, жеңілгенімді білдім. Билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім. Мен осы күні сексендемін, алдым – терең құз, артым – биік жар. Сол жағым – су, оң жағым – от. Қалай қарай қозғалсам да, маған тірлік алысқа ұзап кетіп бара жатқандай сезіледі. Бірақ, үміт құрғыр адамды алға сүйреп, өле қалайын десең, өмірді тәтті қылып жібереді екен, қарағым! – депті қарт күрсініп.

- Жастарға қандай айтарыңыз бар, ата?

- Үш ғайып – ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып.

Үш арсыз – ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.

Үш даусыз – мінез даусыз, кәрілік даусыз, ажал даусыз.

Үш қадірлі – жігіттік, денсаулық, жақсы жар, - депті сонда ақсақал. 

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: thetextileblog.blogspot.com