Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов Парламент кулуарларында Tengrinews.kz журналистіне берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы туралы кітап жазатынын айтты: "Нұрсұлтан Әбішұлы - ұлы тұлға. Ол туралы "Елбасы көмекшісінің көзімен" деп аталатын кітап жазамын". Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы кітаптың қызықты болатынын атап өтті: "Парақтары "жабық" қызық кітап болады".
Естеріңізге сала кетейік, Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы орнына 2016 жылы 8 қыркүйекте тағайындалды.
Кәрім Мәсімов 2003-2006 жылдар аралығында Нұрсұлтан Әбішұлының көмекшісі, премьер-министрдің орынбасары болды. Екі рет елдің премьер-министрі (2007-2012 және 2014-2016 жылдары) болды, сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінде жұмыс істеді.
Ол премьер-министрдің қызметінде болғанына қарамастан өзін президенттің көмекшісімін деп бірнеше рет айтқан болатын.
"2007 жылы қаңтарда, Нұрсұлтан Әбішұлы, мені алғаш рет премьер-министр етіп тағайындадыңыз. Сол кезде қандай қызметте болсам да, сіздің адал көмекшіңіз боламын деп уәде берген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қайта айтқым келіп тұр: мен әлі де сіздің көмекшіңізбін, әлі де шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамыту бойынша үлкен істерді жүзеге асыруға менің де қатысуыма мүмкіндік бергеніңізбен мақтанамын", - деген еді Мәсімов 2011 жылы.