- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Қаны бөлек демесеңіз,...
"Қаны бөлек демесеңіз, жаны қазақ": БҚО ел халқының бірлігі күнін атап өтті
Батыс Қазақстан облысында ел халқының бірілігі күні ерекше форматта ұйымдастырылды. Абай алаңына жиылған жұртшылық ең алдымен жергілікті жас өнерпаздардың театрландырылған концертін тамашалады.
Елдегі татулық пен бірлікті, береке мен ынтымақты ән мен жырға қосып, қазақ елінің кеңдігін би арқылы көрсеткен жастардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Мерекелік шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев те қатысып, ынтымақты ту еткен ел-жұртқа ақжарма тілегін арнады.
– Бұл мереке – шынайы жалпыхалықтық мереке, отаншылдығымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың жарқын символы. Бірлік пен келісімнің маңыздылығын толық ұғыну – еліміздің үйлесімді әрі орнықты дамуының негізгі факторы. Бірлік, достық және өзара сыйластық болған кезде ғана отанымыз мол байлық пен бақ-берекеге кенелетіні сөзсіз. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз. Бір шаңырақ астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі татулық пен береке-бірілігіміміз ажырамасын, – деді облыс әкімі Нарман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысында 80-ге жуық ұлт өкілі тату-тәтті тұрмыс кешуде. Қаны бөлек демесеңіз, жаны қазақ болып кеткен этнос өкілдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Спорт, білім беру, медицина, өнер, кәсіпкерлік саласында олардың өзіндік қолтаңбасы бар.
Мерекеге орай БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз» атты қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Неміс пен татар, орыс пен белорус, армян ұлт өкілдері өздерінің қолөнер бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Түрлі ұлт өкілдерінің көрмесін тамашалаған облыс әкімі әр этномәдени бірлестік өкілдерімен тілдесіп, ерекше бұйым жасап, елге өз ұлтының қолөнерін паш еткен жандарға ризашылығын білдірді.
Т. Есқали