Қыз қылығымен. Қызға қырық үйден тыйым. Қызым үйде, қылығы түзде. Қыз ــ қонақ. Қатық ішіп сен отырсың, қатып-семіп мен отырмын. Қотыр атқа соқыр ат үйір. Қашаған айғыр үйірін құртар, Қашаған еркек үйін құртар. Қызғаншақ кісі қыртиғыш. Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар. Қарға қаз боламын деп таңы айырылыпты. Қисықтың көлеңкесі де қисық. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Қошқар болар қозының маңдайы дөң. Қиялы-көкте, құйрығы-төсекте. Қатқан етте қан болмайды, өтірікшіде ар болмайды. Қанатсыз жебе қағыс кетер. Қасіреттің кеселін, қажыр-қайрат жеңеді. Қыңыр ағашқа өткір балта. Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді. Құдаңның түйесін сұра, қорыққанынан биесін берер. Қонысы жоқтың соры бар, Қонысы бардың қоры бар. Қаусет біткен күмәнді. Қайтып келер есігіңді қатты серіппе. Қатынына қарай қазаны. Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді. Қойға қоңырау жараспас. Қайғысыз қара суға семіреді. Құтырған әкім құдайсынар. Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі, Қасыңды бос ұстасаң, төбеңді теседі. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер. Қырықтың бірі- Қыдыр. Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді. Қалыңдығына өкпелеген күйеу, қайнысына сәлем бермейді. Қатарынан қалған кәрі жетім. Қолы қимылдағанның, аузы қимылдар. Қасқырдан қайрат кетсе, ешкіні апа, текені жезде дейді. Қарғайын десем-жалғызым, Қарғамайын десем-жалмауызым. Қызыл алманың қышқылы бар. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңіл. Қыс қатты, жаз тәтті. Қақаған қарлы боранда, ұры мен бөрі қараңда. Қаңғыбас ерге барғанша, қазулы көрге бар. Қыз құшпаған ер арманда, Қызғалдақ жемеген қозы арманда. Қызға қырық жігіт сөйлеседі. Қазақтың ақылы көзінде, қасиеті сөзінде. Қышығанда қатты қасынсаң, терлегенде удай ашыр. Құтырғаннан құтылған артық. Қотыр қолдан жұғады. Қылдай сызат-құрудың басы Қонақтың алтынын алма, алғысын ал. Қырықтағы ақымақ-қырғын ақымақ. Қу мақтанса, алдап қаққанын айтар.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: art.eubank.kz