Кеше ел тұрғындары жылдың ең қысқа күнін өткерді. Себебі, жыл сайын қыстың тоқырау күні желтоқсанның 21-і мен 22-і аралығына келеді.
Күннің қысқы тоқырауы – күндізгі уақыттың жылдық қысқаруы аяқталатын күн. Ол – Жердің өз осінен айналуы барысында Күнге көріну мүмкіндігінің мейлінше азаюы. Халқымыз мұны «қыс ортасы», «ең қысқа күн», «қыстың алғашқы күні» деп те атаған. Бұл кезде Солтүстік жарты шарда астрономиялық қыс басталып, Солтүстік полюс қалың қараңғылық құшағында қалады. Күннің қысқы тоқырауынан соң күннің біртіндеп ұзаруы басталады.
Атаулы күнге байланысты бірнеше наным-сенімдер қалыптасқан. Мәселен, Ежелгі Қытайда осы уақыттан бастап табиғаттың «еркектік күші» көтеріледі және жаңа кезең басталады деп есептелген. Сондықтан қыстағы күннің тоқырауы ең бақытты күн және тойлауға лайықты мейрам деп саналады.
Айта кетейік, жылмен өлшенетін уақыт Жердің Күнді бір айналып шығатын уақыт аралығы – Жыл деп аталады. Астрономияда мынандай Жыл есептері қабылданған:
1. Жұлдыздық жыл.
2. Тропиктік жыл.
3. Аномалистикалық жыл.
4. Күнтізбелік жыл.
5. Ай жылы.
Астрономияда жыл мезгілінің ұзақтығы бірдей емес. Көктем 92,8 күн, жаз 93,6 күн, күз 89,8 күн, қыс 89 күн (кібісе жылдары 90). 21 наурыз – күн мен түннің Солтүстік жарты шарда жазғытұрғы теңелу күні (Ол Оңтүстік жарты шарда күзгі теңелу күні), 23 қыркүйек – күн мен түннің Солтүстік жарты шарда күзгі (Оңт. Жарты шарда- жазғытұрғы) теңелу күні, Солтүстік жарты шар үшін 22 маусым – жазғы тоқырау күні, 22 желтоқсан – қысқы тоқырау күні.