Өмір – қымбат. Өмір – тәтті. Алайда, ешкімге мәңгі өмір сүру мүмкіндігі берілмеген. Тағдырдың жазуымен қаншама адам қызығы мен шыжығы мол тіршілікті бір сәтте артқа тастап кетіп жатыр. Кейде жарық дүниені қимаған пенделер арашашы іздеп, аурухана есігін қағады. Өкініштісі, дәрігерлерден де қайран жоқ... Өйткені, оларға екінші мәрте өмір сыйлауға мүмкіндік берер донор тапшы.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ҚР тұрғындарының өлім-жітімін төмендету және өмір жасының ұзақтығын ұлғайту мақсатында ҚР Денсаулық Сақтау министрлігі мен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер санына кіру үшін органдарды алмастыру бойынша инновациялық жоба әзірлеген болатын. Соның бірі – трансплантация жасау мәселесі. Нәтиже жоқ емес. Қазір қазақстандық медицина бір мезгілде бірнеше органдарды: «жүрек пен өкпе» кешенін, «бауыр мен ұйқыбез» кешенін, жіңішке ішекті және т.б. органдарды алмастыра алатындай деңгейге қол жеткізіп отыр. Биылғы жылдың 8 тамызында қостанайлық 38 жасар азаматқа жасалған донорлық жүрек трансплантациясы мұның айқын дәлелі бола алады. Мұндай оталар шетелдерде 100-300 мыңға жасалатындығын ескерсек, бұл отандастарымыз үшін тамаша мүмкіндік болып отыр.
Бірақ медицина халықтың көмегінсіз трансплантацияның барлық мәселелерінің тиісті шешімін таба алмайды. Осы орайда А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы жүрек-қан тамырлары жүйесі сырқаттарынан көз жұму деңгейін төмендету тақырыбындағы журналистік жұмыстарға арналған «Жүректен-жүрекке» атты байқау жариялаған болатын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл байқаудың мақсаты - қалың жұртшылықты жүрек аурулары мен одан туындайтын проблемалардан хабардар ету, елдегі кардиохирургия, кардиология, ангиохирургия мәселелері мен қазіргі жай-күйін бұқаралық ақпарат құралдарында барынша толыққанды әрі объективті тұрғыдан көрсетуге, салауатты өмір салтын кеңірек насихаттауға ықпал ету, сонымен қатар, Қазақстанда жүрек пен бауыр ауыстыру операцияларына қатысты мәселелерді шынайы әрі кәсіби тұрғыдан көрсету болып табылады.
27 желтоқсан күні, яғни тұңғыш Президент күніне орай, «Қазақконцерт» бірлестігінің ғимаратында байқау қорытындысын жариялау және сайыс номинанттарына жүлде табыстау салтанаты өтті. Жүлделер 3 номинация бойынша табысталды:
І. БАҚ-ғы үздік материал үшін:
1-жүлде – «Казахстанская правда» газеті;
2-жүлде – «Литер» газеті;
3-жүлде – «Денсаулық әлемі» және «Здровохранение Казахстана» газеттері:
ІІ.Үздік теледидар материалы үшін:
1-жүлде – «Қазақстан» телеарнасы;
2-жүлде – «Астана» телеарнасы;
3-жүлде – «Хабар» агенттігі;
ІІІ. Радиоэфирдің немесе ғаламтор басылымының үздік материалы үшін:
1-жүлде – «Қазақ радиосы»;
2-жүлде – «Central Asia Monitor;
3-жүлде – «Доброго здоровья» газеті;
Байқаудың өзге қатысушылары сайыстың дипломанттары ретінде жарияланып, арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Органдарды алмастыру деген өмір сүруге үмітін жоғалтқан науқастарды ажалдан алып қалуға мүмкіндік беру ғана емес, өзіңнің немесе жақын туысыңның ағзасын құрбан ете отырып, өзгеге өмір сүру бақытын сыйлау, адамгершілігіңді таныту екендігін сіздерде естен шығармағайсыздар!
Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева