- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Жеті жұрт көшкен...
Жеті жұрт көшкен Ырғыз өңірі
Сарыарқаның батыс шалғайын қарпып жатқан байтақ өңірді ел Ырғыз жері дейді. Оңтүстігінде Қызылордамен, шығысында Жезқазғанмен, солтүстік-батысында Әйтеке би, оңтүстік-шығысында Шалқар аудандарымен шектесіп жатқан аймақ. Ауданның қазіргі жер көлемі 41,6 мың шаршы шақырым. Бұл кеңес кезінде бөлінген аумақ.
Алайда тарихшылардың айтуынша, ел ұғымында Ырғыз өзенінің қос өңірі бірдей бағзыда Ырғыз жері деп аталған. Мұндай шалқар кеңістіктің табиғи бітім-бедері бірдей: биік-биік шыңдар, шоқылар мен жоталар, бетегелі белдер, аумақты құмдар, сан-салалы өзендер, қопалы көлдер – бәрі осы өлкенің он бойын өрнектеп жатыр.
Қазақ тарихында ерекше орны бар Ырғыз өлкесі халық аузында "Жеті жұрт көшкен жер" деп аталады. Бұл өңірді Алтын Орда ханы Тоқтамыс та, жер жаһанды тітіреткен Ақсақ Темір де қалың қолын ертіп басып өткен. Әмір Темір осы өңірде 100 мың әскермен аң аулап, қажыған ауыр қолын қызылға жарытқан.
Дала көкжалы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының да Ырғыз жерінде ізі қалған. Ырғыз даласында бірнеше ұрыс жасаған. Соның ең ірісі – 1844 жылы 20 шілде күні түнде болған ұрыс. Кенесары әскері Ор бекінісінен қаруланып шыққан, полковник Ф.Дуниковский бастаған қарулы жасақ пен оның жақтасы Ахмет Жантөриннің әскерін талқандап, 44 сұлтанды өлтіреді.
Бұл өңір жайлы қазақ жеріне келген бейтаныс жолаушы, украин ақыны Тарас Шевченко 1848 жылы Ор бекінісінен Ырғыз жері арқылы Райым бекінісіне бара жатқан сапарында "...Осы алқаптың барлығы кварц жамылып жатыр. Осы өзендердің жағасынан алтын іздестіру неліктен ешкімнің басына келмейді екен? Мүмкін, қазақ даласында жаңа Сан-Франциско туған болар ма еді? Кім білген?" деп жазған екен. Жанқожа мен Есет батырдың жорығына ерген Шевченко "Ырғыз қала" атты картина салған. Рычков, Добромыслов, Бларамберг сынды орыс ғалымдары Ырғыз жерімен экспедиция жасаған.
Ал орыс геологтары К.Матвеев пен П.Василевский Ырғыз жерінде бес жыл зерттеу жүргізіп, 1912 жылы Шалқар теңізі аймағындағы өзеннің жер қабатынан индрикотерий (сүт қоректілердің дүние жүзінде ішінара кездесетін алыбы) сүйегін тапқан.
1736 жылы Әбілқайыр ханның арнайы шақыруымен Ырғыз даласына саяхатқа келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль қазақтың киіз үйінде отырып Әбілқайыр хан мен оның баласы Ералы сұлтанның суретін салған.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі де Ырғыз елімен байланысты. Көрнекті ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз ауданында қыздар училищесінің негізін қалаған болатын. Ыбыраймен бір көзқараста, ниеттес болған Шаһмұрат Құлыбеков 1864 жылы 25 қазанда Ырғызда тұңғыш бастауыш қазақ мектебін ұйымдастырды. Бұл білім ұясы Ақтөбе аймағындағы тұңғыш мектеп деуге болады. Бұл мектептерден өңірдің елге тұлға болған мықты азаматтары білім алды. Олардың ішінде Ахмет және Мұхамедияр Тұңғашиндар Варшава университетін, қазақтың тұңғыш теміржолшыларының бірі болған Төлепберген Серғалиев Петербургтегі І Александр атындағы теміржол инженерлері институтын бітіріп, мамандықтары бойынша білім алған.
Ал қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Мұхаметжан Қарабаев байтақ даладағы алғашқы аурухананы Ырғызда ашып, осында он жылдан астам қызмет жасаған.
Биыл Ырғыз бекінісінің қаланғанына, Ырғыз жерінің бекітілгеніне 175 жыл. Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының да биыл туғанына 175 жыл. Қос мерейтойдың түп тамыры бір. Абайдың арғы атасы Ырғызбай осы Ырғыз өңірінде туған. Қазақ түсінігінде Ырғыз елі Сарыарқамен астасып жатқан алып аймақ.
Ырғыз топырағында Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Тел Жаманмұрынов, Бәймен Алманов және басқа да республика көлемінде танымал болған мемлекет қайраткерлері дүниеге келген. Белгілі жазушы Өтебай Қанахин, сатирик Үмбетбай Уайдин, Социалистік еңбек ері Алтынбек Әкімжанов пен Өтеу Құдайбергенов, белгілі қайраткер Әліби Қойлыбаев, белгілі ғалымдар Әбдіқадыр Сәрсенов пен Мырзағали Төлегенов Ырғыз жерінде туған тұлғалар.
Ырғыз жайлы жырлар
Ой-хой Ырғыз
Ойың – өлең, қырың – жыр.
Аймағыңды аймалайды құлын нұр.
Жерің – жәннәт, көлің қаймақ – құт қонған.
Өзегі – өмір, өзі дерсің Қырымның.
Жерұйық деп желмаялар ағылар...
Бізге келсін, күллі қазақ қаны бар.
Себебі ме? Себелейтін, сенбейтін,
Ырғыз елі – ТАРИХСТАН танымал.
Бұл өңірден өте алмайсың толғанбай,
Нар қамысы қарағайлы ормандай.
Төрт өзені, сексен көлі көлбеген,
Су иесі Сүлеймен кеп қонғандай.
Сәулесін күн сәнмен, әнмен төккендей,
Ақ селеулер ақ ниеттен өскендей.
Бетегесі белуардан бұл елге,
Қыдыр Ата көзін салып өткендей...
Ой-хор Ырғыз,
Бұрымдарын тарқатады бұрынғың
Тарихы – бұрынғысы мол елдің
Болмақ емес болашағы бұлыңғыр.
Сансызбай Құттыбаев
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ырғыз жыры
Төрінде асыл билер жарық еткен,
Төсінде Әбілқайыр хандық еткен,
Бұйығып қалғып өтпей, сенің кеудең,
Бұрқанып дүниені ән ғып өткен.
Биліктің бағы болдың,
Хандықтың тағы болдың,
Ақындар ары болдың,
Батырлар жаны болдың,
Ырғызым!
Уақыттың өтсе-дағы нешемесі,
Жетіпті тарих-көштің несебесі.
Тұмар боп тәбәрігі, тұр ғой, әне,
Атақты Мұқан әулие кесенесі.
Жерімнің киесі сен,
Елімнің иесі сен.
Жанымның жүйесінде
Қан болып жүресің сен
Ырғызым!
Ер Есет, Бөкенбайлар ту ұстарым!
Жазушы Әбіш жазды құрыш дарын.
Жүргенов, Құлымбетов, Шонаұлы
Қиынды қиын кешкен құрыштарым!
Ырғызым – ұлы өзенім,
Нұр жүзім, жыр өзегім.
Жансарай шуақ шашып,
Ақ моншақ сыр үземін.
Ырғызым!
Ырғыз бен Торғай өзен, Телғарасы,
Мен-дағы осы өңірдің бел баласы.
Әйтеке, Нұра, Тәуіп, Ақши қандай,
Құмтоғай – Ырғызымның кең даласы!
Ырғызым – ұлы өзенім,
Нұр жүзім, жыр өзегім.
Жансарай шуақ шашып,
Ақ моншақ сыр үземін.
Ырғызым!
Мәні көп Мәні қорған, Алмат тамы
Сейітжан жыр толғаған жаннат жаны.
Қуандық, Тахауи мен Өтебайың,
Атыңды дұға қылып ардақтады.
Жерімнің киесі сен,
Елімнің иесі сен.
Жанымның жүйесінде
Қан болып жүресің сен
Ырғызым!
Ақын Серік Сатанов
Ырғыз өзені
Ырғыз өзені тарихы мол, сыры мол,
Тұла бойы тұнған тарих жыры мол.
Көктем нәрін жиып алып бойына
Бауырынан жаратылған сексен көл.
Қамыс-құрақ, қоға-жиде жағасы,
Ырғыз өзен – барлық көлдің анасы.
Сабындыкөл, Құтикөл мен Жалаңаш
Жердің сән келбетіне қарашы.
Байлығына Бақшакөл мен Малайдар,
Көз тігеді қызығады талайлар.
Тайдай тулап сазаны мен шортаны,
Айдынында жаратылған құс базар.
Құлпырады Ырғыз өзен көктемде,
Тамырлары суға толып өткенде,
Жағасы мен ұзын алқап – жер біткен,
Біз мезетте теңіз болып кеткенде.
Ырғыз өзені – ел-жұртының ырысы.
Берекелі молшылықтың тынысы.
Шаруасы қабырғалы Ырғыздың,
Бір өзенмен бітіп жатады бар ісі.
Кең пейілді, Ырғыз өзен киелім,
Шабыттанып шалқып жатыр жиегің.
Табиғаттың жаратылған күн-нұрдан,
Перзентіңмін – бас иемін, сүйемін!
Өңір тумасы Кенжеғали Толықбаев
Қ. Слямбек