- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Жеті жарғы" туралы...
"Жеті жарғы" туралы не білеміз?
Кез келген өркениетті мемлекет өз тарихын қастерлеп, оны кейінгі ұрпағына аманаттайды. Себебі, тарих – халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған тәжірибесі. Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, бірталай қиын-қыстау кезеңдер мен небір нәубетті жылдардың елесін көреміз. Кез келген мемлекеттің басқару жүйесі мен заңдар жинағы һәм құқықтық актілері болады.
Біздің осы бір басқару жүйеміз "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолынан" бастау алып, кейінгі Тәуке ханның "Жеті жарғысымен" жалғасады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің заң жүйесі солардың жетілдірілген нұсқасы деп айта аламыз.
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Елімідің Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Биыл Ата Заңымыз 22 жасқа толып отыр. Тарих ауқымымен салыстырғанда өзімізге бұл азғантай мерзім боп көрінсе де, оның тамыры тереңде жатыр. Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтитын заңымыздың байырғы үлгісі ретінде "Жеті жарғыны" айтуға болады. Ендеше, "Жеті жарғы" туралы не білеміз?
Тәуке хан «Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдарына толықтырулар енгізіп, оған қосымша екі тарау қосып, оны "Жеті жарғы" деп атады. Жаңадан қосылған екеуі: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң болатын. Қазақ хандарының негізгі заңдары қазақ хандығын сол кезде мемлекет ретінде танытып қана қоймай, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етті.
"Жеті жарғыда" отбасы және неке заңы, жер дауы, жесір дауы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған халқымыздың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. "Жеті жарғы" заңдар жинағы мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайын күшейтуге бағытталды. Бұл заң қазақтың ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді.
Бұл заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды. "Жеті жарғыдан" кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және "Жеті жарғының" өзі талап-тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді.
Тамыры тым тереңде жатқан Ата Заңымызды құрметтеу біздің қасиетті борышымыз. Сөз соңын елбасымыздың сөзімен аяқтағымыз келеді: "Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ".
Ж. Жұмағұлов