Тарбағатай ауданының Жәнтікей мендікті туралы да екі ұдай пікір бар. Кейбір ауылдарының арасындағы жазық даласында "Бөрітастаған" деп аталатын жартас бар. Кейбірі оны "Бөрітостаған" деп те атайды. Бөріге тастаған деген сөздің біріккен нұсқасы.
Енді ол туралы айтылған халық аузындағы аңызға келейік.
Ерте заманда дәу бір кемпір өмір сүріпті. Тарбағатай басына шығып, ұршығымен жіп иіріп отырғанда, сонау жазықтағы отарлы қойына қасқыр шауып, кемпір қатты ашуланыпты. Қойға шапқан бөрілерге қолындағы ұршығының тасын толғап-толғап лақтырып жіберіпті-мыс. Қазіргі Бөрітастаған сол ұршықтың тасы екен. Қазақи ертегінің сарыны бұр жартасты көктен түсті дегенге меңзейді.
Бөрітастаған туралы зерттеуді 1975-1983 жылдар арасында сол кезде Қазақ ССР Ғылым академиясының математика және механика институтының аға ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, кейіннен доктор болған Тоқтар Нұрекенов жүргізген. Оған сол жылдары "Білім және еңбек" журналына жариялаған мақалалары дәлел.
Тоқтар Нұрекеновтің айтуынша, бұдан 4000-5000 жылдар бұрын Жер ғаламшары үлкен бір космостық денемен соқтығысып, соның нәтижесінде жерге тас және темір метеорит түскен. Жартастың орта тұсынан 1,5 грамм темір сынығын тауып алып, спектрлік тексеруден өткізгенде, оның таза темірден және никельдің қоспасынан тұратынын көрсеткен. Яғни, темір бөлшегі плессиит-құрылымға ие екені белгілі болады. Ал метоллогафиялық талдау бойынша плессит – метеорит екенін дәлелдеген.
Жартастың ұзын тұрқы 250-300 метр шамасында, ені – 10 метр. Биіктігі 50 метрдей. Терістік батысы жадағайлау, күнгей жағы тіп-тік жалама жақпарлар. Жіктерінің арасында өсімдік өсіп тұр. Тастары жалтылдақ. Тастарды анықтап қараса, су астында жатып кеуектене бастаған сары гранит көрініп жатыр.
Бөрітастағанның тасын көрген Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті геологиялық-барлау факультетінің деканы Ермек Ахметов бұл тастың құрамында кварц, гранит, дала шпаты барын айтқан.
Бұл тастың метеорит емес, кәдімгі тау жынысы екенін дәлелдейтін тағы дерек бар. 2013 жылы ҚР Әділет министрлігінің шығарған сот сараптамасы орталығын шығарған қорытындыда бұл тастың кәдімгі гранит екені көрсетілген.
Соған қарағанда Бөрітастағанның тасы тау жынысынан пайда болған, жел мен жаңбырдың мыңдаған жылғы әсерінен қу далада шөгіп қалған тау қалдығы десек болар.