Өмірде ара-тұра мүмкіндіктері шектеулі балалар мен адамдарды кездестіріп қаламыз. Оларды көргенде қандай сезімде боламыз? Көбінесе адамдар мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенде, өзін қалай ұстау керектігін білмейді. Ал олардың не сезіп, нені армандайтынынан, қандай өмір сүретінінен мүлде бейхабар.
Ең алғаш Бақытжан атты ми сал ауруына шалдыққан мүгедек жасөспірімді көрген француздық суретші Николя Журну да осындай сезімде болған. Николя мүмкіндігі шектеулі жанұялардың үйлеріне қайырымдылық жасау мақсатымен барған топтың арасына кіріп, Бақытжан және оның отбасымен осыдан екі жыл бұрын танысады.
Бақытжан Жұманов
Николя Журну
Бақытжанмен етене араласып, достасып кеткен Николя мүмкіндігі шектеулі балалар қандай өмір сүреді, қандай қиындықтарды бастан кешіреді, отбасының атқаратын рөлі қандай, жалпы мемлекеттік деңгейде арбаға танылған адамдарға қандай жағдай жасалып жатыр деген мәселелерді қарастыра отырып, көпшілікке қызық болатындай комикстер салып, блог арқылы елге ұсынады.
Mesqueunblog.kz доменінде ашылған блог «Бұл жай ғана блог емес» деген атау алады. Бақытжанның сүйікті футбол клубы “Барселона”. Клубтың ұраны «Mes que un club» («Жай ғана клуб емес») атауымен үндеседі. Бақытжан компьютерлік ойындарды, әсіресе футбол ойнағанды жақсы көреді. Оның ең сүйікті спортшысы Лионель Месси. Ол өзінің өмірін Мессидің өмірімен ұштастырады. Бақытжан да ол сияқты футболмен өмір сүреді.
Ми салымен ауырады деген диагнозы болмаса, Бақытжан өзін қарапайым адаммын деп санайды. Тіпті комикстер желісі де «Super нормальный» деген тақырыпта өрбіген. Және комиксті басынан соңына дейін оқып шыққан адам бұған өзі көз жеткізеді. Комикс арқылы мүгедек жандардың сезімі мен ойларын, армандары мен қызығушылықтарын білуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта мүгедектер қандай проблемаларға тап болуда? Комикстің бірден-бір мақсаты сол кедергілерді мемлекеттік тұрғыда шешуге бағытталған.
Елімізде мүгедектер мәселелерін қамтып, шешімін табуға, халық санасында оң көзқарас тудыруға бағытталған жобаны қолға алған авторларға және ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіре отырып, көрме республикалық деңгейде еліміздің басқа да қалаларында жалғасын табады деген үміттеміз.
Mesqueunblog комикстер көрмесі Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында 4-14 қыркүйек аралығында өтеді. Ал көрмені тамашалай алмағандар, кез келген уақытта Бақытжанның Mesqueunblog.kz блогында басынан бастап, асықпай көруіне болады.
Суреттер: Анар Мұстафина, ekpin.kz, Mesqueunblog.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина