Жасындай жарқ еткен Бекзат Саттарханов

Бүгін – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен XXVII Олимпиаданың бокстан чемпионы Бекзат Саттарханов Сейілханұлының дүниеге келген күні.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен дүлділдің өмірден өткеніне де 14 жылдың жүзі болыпты. Алайда Алаш елін әлемге паш еткен спортшы Бекзатты жұрт есінен шығарған емес.

Ол 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бекзат – әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы. Саттархановтардың Бекзаттан өзге мектеп қабырғасындағы спорттық бәсекелерде оза шапқан үш ұлы болды. Бағдат, Болат, Мақсат есімді балалары да спортты серік еткен екен. Бала кезінде өте нәзік, аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаса керек.


Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып үйірмеге бармай, бірден боксқа бет бұрады. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, мұны жай, өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді. Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 

Бекзат заң саласы мамандығын игерген. Алдымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Бекзат бокста Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының финалында Серік Қонақбаев жұдырықтасқан сәтте Бекзат бесікте жатқан сәби еді. Анасы Сырлыкүл Саттарханованың Серік Қонақбаев секілді Бекзат та чемпион болсын деген үлкен арманы болған. Бекзат кейін ана арманын орындайды да. Ол Сиднейдегі жеңісін Түркістан қаласының 1500 жылдығына тарту ететіндігін айтқан. Бекзат – 18 жасында қажылыққа барған мұсылман.

Бекзаттың қысқа ғұмырында 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ерекшеленбейді. Ол мұхиттың арғы бетіндегі додаға аттанғанға дейін Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбірген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі. Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер Кубокті қанжығасына байлайды. Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді.

Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!», - деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген деседі. Мұнан кейін де Бекзат анасына: «Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын», - деп айтады екен.


Сиднейдегі жеңісінен кейін, оған Елбасы І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Жаны жайсаң, жарқын жүзді азамат 2000 жылдан әрі аса алмады. Жаңа жылдың басталуына санаулы минуттар қалғанда Шымкент қаласы жанындағы Темірлан қаласы маңында автокөлік апатынан қаза болды.

Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшам аудан мен спорт кешені бар. Алматы қаласында көшеге Бекзат Саттарханов аты берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2010 жылы, яғни спортшының 30 жас мерейтойы қарсаңында туған қаласы Түркістанда Бекзат Саттархановқа арналған ескерткіш қойылды. 2005 жылы Қазақстанда боксшыға арналған пошталық марка шығарылды. Бекзат туралы 3 тілде кітап, фотоальбом жарық көрген. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бекзат» атты деректі фильм түсірсе, 2012 жылы режиссер Ермек Шахмет "Бекзат" атты фильм түсіру жұмыстарын қолға алды.  Биографиялық кинофильмде басты рөлді актер Асылхан Төлепов сомдап шықты.

Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 20 жылдық ғұмырында шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/J3EGyVByeZU","width":"450","height":"350"});

Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі мақалалар пайдаланылды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: bekzatboxing.kz, vk.com