Бүгін Алматыда халықаралық қоныстану күніне орай БҰҰ-ның ЮНФПА бағдарламасы бойынша Орта Азиядағы жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында баспасөз мәслихаты болып өтті.
Аталған жиында жастардың пікіріне қолдау білдірілуінің маңызы мен олардың қоғамдағы атқаратын рөлдеріне аса мән берілу керектігі айтылып, талқыға салынды. Сонымен қатар, жастардың жаңа өнерпаздық жолында еліміздің орта қоғамы кедергі болмай, керісінше қолдау білдіруге атсалысуды белсенді түрде үгіт-насихат жасау керек екендігі мен оны іс-жүзінде қалай көруге болатыны туралы да алға тартылды.
Орталық Азия елдері үшін халықтардың қоныстануы саласындағы БҰҰ Қорының Қосалқы аймақтық кеңесінің (ЮНФПА) директоры Николай Ботев Қазақстан халқының айтарлықтай жас екенін, ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы 30 жасқа дейінгі адамдар екенін ерекше атап өтті. Одан бөлек, Қазақстан Парламентінде 35 жасқа дейінгі жас мөлшерде бір ғана тұлға өкілдік ететіні ескеріліп, жастардың ойын алға тартатын жас саясаткерлердің мінбеде көп болу керек екенін айта кетті. «Қазіргі жастарға алдымен түрткі болатын іс-шаралар қажет. Содан кейін әр елдің жас буыны өзіне деген сенім мен потенцалын қолға алып, алға баса алады. Қазақстан осындай үлкен үдерістің орта шеніне жеткен елдердің қатарында. Сондықтан, жастардың әлеуметтік белсенділігі мен қоғамдағы дәрежесіне көбірек көңіл бөлгеніміз жөн болады. Егер оларға жағдай жасалмаса, олардың идеяларына ешбір қолдау білдірілмесе, біздің үдеріс кері қарай кетуі ықтимал», - дейді Николай Ботев.
Николай Ботев, Орта Азия аумағындағы ЮНФПА директоры
Әнуар Нұрпейісов: «Жасөспірімдердің қоғамдық өмірде сыбайлас жемқорлық секілді келеңсіз жағдайларға тап болуы оларды психологиялық ауыртпалық кезеңдеріне алып баруы мүмкін. Ол кезде, әрине, қоғамдық ортаның үлкен буыны кеңесімен қолдау білдіреді. Дегенмен, олар жастардың орнында болып, сол жағдайды сезіне алмайды. Себебі олар ол жастан өтіп кеткен. Сондықтан қазіргі кезде, жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы да, пессимимстік күйге түсуі де осы секілді әлеуметтік факторлардың нәтижесінен туындап отыр. Ал осының бәрінің алдын алу үшін, алдымен қоғамда, әлеуметтік желілерде, тіпті саяси ортада жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған іс-әрекеттер орындалуы тиіс деп ойлаймын».
Әнуар Нүрпейісов, актер, сазгер, қоғам қайраткері
Расында, БҰҰ-ның статистикалық ақпаратына жүгінсек, әлемде 10 мен 24 жас аралығындағы жастардың саны 2 миллиардқа жуық екен. Ал олардың 90 пайызы дерлік Қазақстан секілді дамушы елдерде тұрады. Оның бір ширегі аса кедейшілік жағдайда өмір сүреді. Ендеше, әлеуметтік ортадағы жұмыссыз жүрген азаматтардың тең жартысын осы біздің жастар құрайды екен. Дегенмен, елдердің басым бөлігі, қазіргі кезге дейінгі қоғамның әл-ауқатын көтеру стратегиясын жасауда жастардың пікірі саналмайды. Міне, осы сала өзіне көп мән берілуән қажет етеді.
Галина Гребенникова, Жыныстық және репродуктивті денсаулық бойынша қазақстандық Қауымдастықтың атқарушы директоры
«Қазақстандықтардың реподуктивті құқықтары ел заңнамасымен кепілдендіріледі. Азаматтардың репродуктивті құқықтарын іске асыру және олардың денсаулығын сақтау үшін репродуктивті денсаулық пен қауіпсіз мінез-құлық мәселелерінде құрдастардың ақпараттандырылуы бойынша жастардың атсалысуын айтарлықтай күшейту керек», - дейді Галина Гребенникова.
Рустам Құрманбаев, Қазақстандағы "Y-Peer" халықаралық жастар желісінің жас белсендісі және үйлестірушісі
Рустам Құрманбаев:«Өзімнің волонтерлік қызметімде мен бастамашылдыққа, жасампаздыққа және біртума ойларға толы жастарды жиі кездестіремін. Олардың көзінің оты бар, үнемі әлемді өзгертуге дайын болып тұрғандай болады. Оған қоса, келешекке деген үміті зор болады. Дегенмен, олар өз идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау таппай жатады. Демеушіні табудың айтарлықтай қиын екені жасырын жайт емес. Біз мемлекеттің қолдауына ризамыз және ойларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қаржының жеткіліксіз болатынын да түсінеміз. Осыған орай, біз коммерциялық сектормен жиірек және көбірек жұмыс жасауға тырысудамыз. Бірақ бизнесмендерді әлеуметтік жобаларға қызықтыру оңай шаруа емес. Оның үстіне, өз жобасын сауатты етіп жазып, алға тартуда жастардың өзінің, көбіне, тәжірибесі мен білімі жеткіліксіз болып жатады».
Баспасөз барысында осында келген әрбір адам өз көкейінде жүрген сұрақтарын алға тартып, сәйкесінше жауап ала алды.
Сондай-ақ, бүгін халықаралық қоныстану күніне орай, "Заман орнату жолында әрбір жүктілік қалаулы, әрбір сәби босануы қауіпсіз және әрбір жас адам өз әлеуетін іске асыру мүмкіндігіне ие болсын" деген ұранмен Алматы қаласы Горький атындағы саябақта ЮНФПА ұйымдастыруымен қоғамдық фестиваль өтеді.
Арнайы massaget.kz үшін: Жолдас Өрісбаев
Сурет: massaget.kz