- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Жас өрен, мемлекеттік...
Жас өрен, мемлекеттік тіліміздің сақшысы бол!
Мемлекеттік тілді дамыту институты күні кеше ұйымдастырылып, бастау алып жатқан «Тіл сақшысы» ұйымына еліміздің тіл жанашырларын шақырады. Қазақ тілін дамыту мақсатында барлық әрекеттің ең бірінші өзімізден бастау керектігімізді ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан өз тілімізге салғырт қарамауға міндеттіміз.
Ана тілім – арым менің
Алматы қаласында Мемлекеттік тілді дамыту институтының бастамасымен «Тіл сақшысы» атты қоғамдық қозғалыс ашылып, өз жұмысын бастап кеткенінен хабардар шығарсыздар. Ұйымның мақсаты – жарнамадағы қазақ тілінде кеткен қателерді тауып, оны түзету жолында жұмыс жасау. Оған қаламыздың кез келген тұрғыны мүшелікке кіріп, өз септігін тигізе алатындығын айтып өткеніміз жөн.
Мысалы, бүгін «тіл сақшысы» магистрант Ұлан Бектұрсын метрода «Greenmart» компаниясының жарнамасынан қазақ тілінде кеткен қатені көріп байланысқа шыққан еді. Институт қызметкерлері аталған компанияға қоңырау шалып, мән-жайды сұрастырды. Нәтижесінде «Greenmart» компаниясының қызметкерлерді іріктеу бойынша менеждері Галина Демурина шағымды аяғына дейін тыңдап шығып, мекеме атынан кешірім сұрап, орын алған келеңсіз жайтты басшылыққа жеткізетінін айтып сендірді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін менеджердің электрондық мекенжайына түсірілген фотоны да салып жібердік. Енді қатені түзеулерін күтеміз.
Бұл – бірінші күннің жеңісі. Алда біз әлі талай толағай жеңіске қол жеткіземіз деген үміт бар. Сол себепті бей-жайлық танытпаңыздар, «мүмкін емес» деп ұнжырғаларыңыз түспесін, қатарымызға қосылыңыздар!
Автор: Жазира Байдалы, Мемлекеттік тілді дамыту институтының редакторы
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: alashainasy.kz, mtdi.kz
Ж. Өрісбай