- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ителгіні баптап, аң-құстарға...
Ителгіні баптап, аң-құстарға салу жайлары
Бүркіттен соңғы саят құстарының ішіндегі аңға түсіп, азусыз адал аңдарды алатыны - Ителгі. Ителгі бүркіттей қарулы болмаса да жансебіл, ержүрек қорықпайтын құс.
Ителгі бүркіттерше қосқан нәрсесін ұстап қалмайды, аңдардың үстінде ұшып теуіп, жығып алады. Бүркіт тәрізді бұған да томаға тигізіп алады. Томаға кигізбесе ителгі талпынғыш, тынышсыз болып, қанат-құйрықтарын сындырып дамылдамайтын ұрыншақ келеді.
Бүркіт сияқты асау ителгіні де қолдан түсірмей, сылап-сыйпаумен жуасытып үйретеді. Ителгі асау күнінде қол тістегіш, қияңқы келеді. Бірақ тұмсығын қысыңқырап қойса жуасып тентектігін қояды. Ителгі бойын беріп үйренген соң өте жуас болады. Ителгі жуасыған соң, оны қолдан түсірмей қызылға шақыра берген дұрыс. Және шақырған сайын тоят беріп дәндетіп қолға үйретеді. Қызылға келгіш болса ителгінің жөнделгені.
Ителгі жемге шыдамды, қанағатшыл құс, күндізгі жемін шақырумен қызылдай жегізіп, кешкі жемін жуып ақ бөртпелеп берген жақсырақ болады. Және ителгіге жемнің қанын алып бермесе еті кемімейді, оның үстіне қызылды аз жеп, бөртпені көп жемесе етіне түспей сан еті ашаң бола береді. Екі жақ төс етін төстің шыбығымен бірдей қып босатып, майдан тазартып алса ителгі жақсы ұшады. Қызылы төмендесе ителгі салпаңдап ұша алмайды.
Тағы бір айтатын нәрсе, ителгінің жемсауында cap жалқаяқ құсығы болады. Оны түсіру үшін мұсатыр мен қантты майға үгіп, екі есесін мұсатыр бір есесін қант қылып бір атым насыбайдай қылып араластырып таза ақ матаға орап ителгінің аузынан салып жіберсе құсады. Ол әбден құсып болғанда қалтасы түсетін болады. Бір құстырғанда тазармаса, екі күн өткізіп тағы құстыру керек. Ителгінің зердесі тазарса шақыруға келгіш болып, аңға қосқанда шабытты болады. Түзден түскен ителгі айғайға келсе етіне түскені содан белгілі. Ителгі бабында жүрсе сергек елгезек болады, бабында болмаса сылбыр жалқау келеді. Бабында жүрген ителгіні ат үстінен түсірмей аңға, құсқа сала беруге болады. Оның үстіне түз ителгісі шақыруға алыстан келетін болған соң, аң, құс алудың жайын өзі де жақсы біліп бау аша бастайды.
Ұядан алған қол балаң ителгі алғашқы кезінде аң-құстарды артық танымайды. Сондықтан оған түздің аң-құстарын көбірек бастыра беру керек. Және бастырған аңның бәрінен тоят жегізген жақсы. Сонда ол кәнігіп дәндей береді.
Балапан ителгінің бір ерекшелігі - ол неден тоят жесе, соның қолында өледі. Аңның үлкенін үлкен деп қорықпайды.
Ителгіні аңға салғанда итпен бірге үйретеді. Ителгі аңдарды аспандап шығып теуіп, көзін ойып мұқатады. Сондықтан ителгінің тегеурінінен аңдар қашып құтыла алмай, қорғаланып, айналып жүргенде, артынан ит келіп ұстасады.
Балапан ителгінің жөнделіп етіне түскені, тау асып кетіп шақыруға қайтып келсе, аң-құстарды қуа білсе, кешікпей бау ашатынын көрсетеді. Ителгіні бау ашарда жақсылап тоят жегізіп алу аса пайдалы нәрсе. Ол неғұрлым тоят жей берсе, сонша жөнделіп, көңілді болып басқа құстардай айнығыш болмайды.
Автор: Әлкей Марғұлан
Сурет: fineartamerica.com
Н. Айдархан