Ителгі – бүркіттен кейінгі саят құстарының ішіндегі аң алатын қабілеттісі ителгі. Оның үлкені алты тұтам, қанатының ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады. Өзге саят құстары сияқты бұл да үлкен кішілігіне қарай төрт түрге бөлінеді: ірі, тана, бұқа, шәулі деген сияқты.
Ителгінің алатын аңдары киік, елік, қара құйрық, қоян. Құстан алатыны қоңыр қаз, дуадақ, тырна, оқпақтағы басқа түрлі құстар. Ителгі көбінесе жаз, күз айларында салынады. Қоян құстарды ол көбінесе өз күшімен алады. Киік, елік, қара құйрық сықылды аңдарды итпен қосылып алады. Ителгінің томағасын алып қоя берсе қашқан аңды аспаннан келіп теуіп мұқатады. Екі-үш рет тепкенде қоян сияқты аңдар ителгінің тегеурініне шыдай алмай мұрттай ұшып, қоянның белі үзіліп жерде жатады. Сол кезде ителгі оны бас салып қиралаңдап қашқанына жібермей ұстап қалады. Киік, елік, қара құйрықтарды үздіксіз тебумен қорғалатып қашырмай қояды. Оларды бастан, көзден тепкенде аң есі кетіп, шырқ айналып, бастарын екі аяғының арасына тығып,қаша алмай жүргенде артынан ит келіп ұстайды.
Ителгі құстарды теппейді. Тек қуып жүріп алады. Қаздың отырғанын күні бұрын көріп ұрындатып жібереді. Қазды көргенде ителгі қиғаштап бетін теріс қойып ұшады. Содан жоғарылап шығып мөлшерлі жерге жеткенде биіктен төмен қарай құдыя бірақ ағады. Сол екпінмен ителгі қаздың қанатымен ұрғанына не қоянның аяғымен серіпкеніне болмай, қайтсе де ұстайды. Ителгі Лашын мен Қаршыға сияқты шапылдақ, тез қиып түсетін болмаса да, ол көбінесе жансебіл өжет, мықты құс болғандықтан ол алымпаз құс қатарына жатады. Ителгі түскен аңынан айырылып қалса бәрібір оны қоймай жүріп алады. Ителгінің бір ерекшілігі ол тоят жеген аңынан ешуақытта қорықпайды, жабысып соның соңында өледі. Ителгінің тағы бір ерекшелігі ол өмірінде жалығып шаршамайды, қанша салсаң да ұша береді.
Ителгі түс реңі жағынан үш тұқымнан тарайды: қара тарлан, ақ тарлан, құба тарлан болып. Қара тарланның сыртқы жүні қара қоңыр, бауыр жүнінің түсі қап-қара күйедей болып, бетінің қылшығы қара, көзінің алдына түскен қарасы желкесіне қарай айналып ала мойнақ болады. Құйрықтарының үстінде ақ танадай теңбілі болады.
Ақ тарланның сыртқы жүні құбақай, бауыр жүні ақшыл болады. Қанат құйрығындағы теңбілдері ақ шұбар келіп,беті ақ қылшық болып ала мойнағы болмайды.
Құба тарланның сыртқы жүні құбақай қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар тұрымтай жүндес, ала мойнағы көмескі келеді. Бұл үш түрлі ителгінің қай тұқымынан болса да үшеуінен де қыран шығады. Әсіресе қара ителгінің тұқымынан қыран айнымай шығады.
Жақсы ителгінің басы үлкен, тұмсығы жебелі, кеудесі кең, қайқаң келіп, мойны ұзындау, аяғы салалы, көзінің шарасы үлкен болады. Ителгінің қырандарына саятшылардың қойған ерекше аттары бар. Мәселен оларды «жылаулының тегі», «тілегеннің тегі», «сеңсең», «қара сұңқардың тегі» деп атайды.
Жылаулының тегінің ерекшелігі - оның екі көзінің алдына суаттанып тұратын қара жағалы болады. Өзі ашқарақ қомағай, шабытқа ұшқанша, жем жегенше шыдамсыздық көрсетіп, ылғи шақырып отырады. Жалпы айтқанда қайратты қыран болса осы затты ителгіні жылаулы деп атайды.
Тілегеннің тегі деп ұшқыш сезімпаз келетін, жерге қонып отырмайтын, ылғи шабыт тілеп ерінбей ұшатын ұшымпаз қыранын айтады.
Сеңсеңнің заты деп денесі ірі, жуан мойындау келіп, тұмсықты, жүндес келетін бір тұқымын айтады. Бұл ұшымды болмайды бірақ әлді болады.
Қарға сұңқардың заты деп жүні тығыз келген, мойны ұзын, құйрық қанаты қайратты, қара тіл, лашын бітімді, ұзын құйрық, қайшы қанат, қара тарланнан шыққан қыранын айтады. Бұл талмай ұшып аңды қажымай алады. Ителгі туралы жалпы айтқанда бұлар асырауға көнімді, түллекке қартаймайтын шыдамды құс.
Саятшылардың мақалы:
Ителгі көп түлесе дүр болады,
Қаршыға көп түлесе күл болады.
Суерт: qna.center