- Негізгі бет
- Қазақстаным
- ХХІ ғасырда атауы...
ХХІ ғасырда атауы өзгерген Қазақстан қалалары
Жер-су атауының өзгеруіне себеп көп. Халықтың қажеттілігінен, саяси жағдайларға байланысты, кейде елдің экономикалық шығындарын азайту мақсатында өзгертіп жатады. Шағын елдімекеннің атын өзгерту оңай. Ал ірі елдімекен – қаланың, одан қалса, облыс сияқты ірі территориалды аймақтың атын өзгеруі қиын.
Ендеше ХХІ ғасырда сондай қиындықтарға қарамай атауы өзгерген Қазақстан қалалары жайлы сөз етсек.
Нұр-Сұлтан қаласы
Елордамыз Астана қаласының атауы 2019 жылы 20 наурызда өзгеріп, орнына "Нұр-Сұлтан" деген атау берілді. Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін елеу мақсатында елорданың атына елбасының атын беруді ұсынады.
Жалпы бұл қаланың тарихы біршама қызық. Аты бір емес, бірнеше рет ауысқан. Әу баста Ақмолинск, кейін Целиноград, одан кейін Ақмола қаласы болды. Ел тәуелсіздігін алып, астана көшіру жайлы ой айтылып, экс-президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылы Ақмола қаласы – елдің астанасы боп жарияланады. Бір жылдан кейін 1998 жылы 6 мамырда қаланың аты өзгеріп, "Астана" деген атау қойылды.
Содан кейін 21 жылдан соң, ХХІ ғасырда астананың аты тағы ауысты. Ендігі аты – Нұр-Сұлтан қаласы.
Қонаев қаласы
2022 жылы 3 мамырда Қапшағай қаласы ресми түрде Қонаев қаласы деп өзгертілді.
Бұл қала – 1970 жылы Қапшағай су қоймасының маңында құрылған қала. Қазіргі таңда 2 округ және 11 елдімекеннен тұрады. Алматы қаласынан солтүстікке қарай 56 шақырым жерде орналасқан.
Қазақ тілінде "Қапшағай" атауы "тар шатқал" немесе "қысылған жер" дегенді білдіреді.
2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағайдың атын халық қаласа, Қонаев деп өзгертуді қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Алматы облысының жаңа орталығы болуын, одан орталығы Талдықорған қаласында орналасқан жаңа Жетісу өңірінің бөлініп шығуын ұсынды.
Қалада әскери бөлім, бірнеше зауыт пен ойынханалар бар. Халық саны шамамен 60 мыңнан асады.
Семей қаласы
Бұрынғы Семипалатинск қаласы 2007 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша Семей болып өзгерді. Қаланың тарихтағы қазақша аты – Жетішатыр. Соның орысша аударылған "Семипалат" нұсқасы кеңес одағы тұсында қала атына айналып кетті.
Бұл қала – Қазақстанның мәдени астанасы саналады. Алашорда қайраткерлерінің бас қосқан қаласы.
Қазіргі уақытта 2022 жылдан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Абай облысының орталығы боп жарияланды. Халық саны шамамен 350 мыңға жуық.
Қ. Слямбек