Белгілі қоғам қайраткері, "Республика-Өңір-Даму" қорының президенті Ғалым Байтоқ ұйымдастырған "Халықтың сүйіктісі - 2014" жүлдесі биыл 22 аталымды марапаттады. Атап өтсек, Massaget.kz "Жалынды интернет-басылым" аталымы бойынша жеңімпаз атанған еді.
Байқаудың арнайы аталымдарында кімдер жеңді? "Киноиндустрия беделдісі" - Ақан Сатаев, "Жалынды интернет-басылым" - Massaget.kz, "Батыл публицист" - Нұртөре Жүсіп, "Ұшқыр ойлы тележурналист" - Жанар Байсемізова, "Көріпкел саясаттанушы" - Досым Сәтбаев, "Fashion-жұлдыз" - Ая Бапани, "Қайсар қоғам қайраткері" - Есен Елеукен, "Майталман депутат" - Майра Айсина, "Блогосфера көшбасшысы" - Өркен Кенжебек, "Қамқор фермер" - Сәбит Нұрғалиев, "Респект-спортшы" - Динара Сәдуақасова, "Тамаша дәрігер" - Еркен Бейсембаев, "Табысты бизнесмен" - Марат Бақұлов, "Пысық қаржыгер" - Олжас Құдайбергенов, "Жемқорлықтың жауы" - Талғат Әбдіжаппаров, "Жыл жаңалығы" - Сәбина Алтынбекова, "Жыл меценаты" - Азаматхан Әміртай.
"Халықтың сүйіктісі - 2014" байқауының авторы Ғалым Байтоқтың айтуынша, алда да жалғасын табатын байқау барлық сфераны қамтуға тырысады.
"Депутаттан бастап, өз саласының шеберіне айналған қарапайым қызметкердің еңбегін елейміз", - дейді қоғам қайраткері.
Жүлденің Астанада өткен марапаттау рәсімінде "Fashion-жұлдыз" атанған Ая Бапанидің көрсетілімі ұйымдастырылды. Елге белгілі тұлғалар арнайы шақырылып, кештің көрермені болды. Олардың арасында депутаттар да бар.
Ғалым Байтоқ жүлденің танымалдылығы жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. 2011 жылы дауыс беруге 7 мың адам қатысса, 2014 жылы 60 мың адам "Халықтың сүйіктісін" бірге таңдаған.
Ұлттық жүлде аясында портретті шарждар бәссаудаға салынды. Бәссаудадан түскен қаржы қайырымдылық қорына аударылатын болады.
Жеке жүлдеден ауқым алып, ұлттық жүлдеге айнала алған "Халықтың сүйіктісі" өз ісінің майталмандарына шалқар шабыт сыйлағаны анық.
Сурет: Дастан Қапаев, Әуез Қарабалаев, tengrinews.kz