- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Халық тойға кешігіп...
Халық тойға кешігіп келуге қалай әдеттенді?
Қарапайым ғана сұрақ. Халық неге сондай?
Ес біліп, ақыл қонғалы бері талай дүбірлі тойдың шаңын шығарып, мәре-сәре болып келдік. Осы күніме дейін уақытында басталған бірде-бір тойға куә болып көрмеппін. Қазіргінің тойлары міндетті түрде 2-3 сағат кешігіп барып басталады.
Қазір ойға қалам. "Япыр-ай, халқымыздың соншама асықпайтындығының себебі не екен?" - деп. Сондағы түйгендерімді назарларыңызға ұсынып көрейін.
Бір қызығы КСРО кезеңінде өтетін тойлар уақытында басталып, межеленген уақытта аяқталатын. Бұны ата-анамыз бен ағаларымыз растайды. Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет құрғаннан кейінгі мәселе басқа. Ойлап отырсақ, кешігіп келу дәстүрі осы сәттен бастау алды. Себеп не?
Себеп - материалдық қиыншылық. Ол қалай дейсіз бе? Түсіндірейін. 91 жылдары Қазақстан дербестікті жаңа ғана алып, аяғына тік тұра алмай, есеңгіреп жатты. Сәйкесінше халықтың тұрмысы да өте нашар жағдайда еді. Тойға киетін киім түгілі күнделікті жүріп тұрудың өзі мұң болып тұрған уақыт еді. Естеріңізде болса, екі ауысымда оқитын бір үйдің балалары бір етікті кезектесіп киген уақиғалар көп болатын.
Менің ойымша, сол жылдары үстіндегі киімінен ұялған халық көпшіліктің арасына сіңіп байқалмай кетуі үшін кешігіп келуді әдетке айналдырған болуы керек. Сол бір жарымжан психология халық арасында кең таралып, уақыттың өтуімен дәстүрге айналды.
Шүкір, қазіргі халықтың тұрмысы сол жылдармен салыстырғанда жақсырақ. Дегенмен әдетке айналған бұл құбылыстан арылу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Себебі уақытынан өте кеш басталатын той туралы түсінік халықтың санасында әбден сіңіп қалған. Бұл олқылықты түзесе, тек кейінгі ұрпақ түзейді. Жиырма жыл бұрынғы қатігез заманның құрбаны болғандардың түсінігін өзгерту туралы ойланбауға да болады.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: restoran.kz