Соңғы кездері билік тарапынан халықтың масылдыққа бейімделіп бара жатқаны туралы пікірлер көп айтылуда. Бұл әлеуметтік желідегі халықтың наразылығын тудыруда. Мәселен жазушы-ғалым Зира Наурызбаева facebook парақшасында жалқау қазақты көрмегенін айтты.
"Өз айналамнан еріншек адам көрмедім, достарым да, қайным да отбасын асырау, аренда не ипотека төлеу үшін 2-3-4 жұмыста істейді. Қызым Аустралияда онлайн жұмыс істейді. Ол «Аустралиялық жастар жұмыстан тыс уақытта саусағын да қозғалтпайды. Тіпті жұмыста да аса белсенділік танытпайды» - деп таңданады. Біз олардың қасында бәріміз еңбекқормыз. Квалифицияланбаған жұмысын аз ақшаға жасап жүрген жігіттерді еріншек деп айыптаған обал екен. Мүмкін еріншектер бар шығар, менің көзіме түспей үйлерінде отырған? Ал 2300 доллар үшін кез келген мамандық игеріп, тау қопарады. Жақсы білім берсе болғаны. Қазақтардың жалқаулығы – жаугершілігін ақтау мақсатындағы қарапайым колониялық (отаршыл) риторика. Біздің шенеуніктер бұдан бас тартса болар еді»,- деп жазды ол.
Саясаттанушы-әлеуметтанушы Мақсат Жақау да "қазақ масыл, жастар жалқау" деген пікірмен келіспейтінін айтады.
"Қазіргі ішкі нарықтағы айлықты қайта қарау керек. Ол халықаралық стандарт түгілі, ішкі стандартқа да мүлдем жауап бере алмайды. Мысалы, барлық керек заттарды, азық-түлікті тіпті өзімізде мұнай болса да жанармайды сырттан аламыз. Олардың бағасы халықаралық стандартпен қойылған. Ал біздің өз ішімізде белгіленген айлығымыз бар. Екеуі сәйкес келмейді. Жастар жалқау дейміз. Бұл қате пікір. Қазір жаңадан жоғары оқу орнын бітірген жас маманға "кітапханашы бол" деп айта аласыз ба? Айлығы төмен жұмысқа бара ма ол? Бармайды! Мұғалімдердің айлығы 500 мың деп жатыр. Жас маман бара салып 500 мың теңгелік жұмысқа тұра алмайды. Ол алдымен 160 мың теңгеден бастайды. Ал сол айлығына пәтер ақысын төлей ме, несиесін төлей ме немесе азық-түлік ала ма?", - дейді әлеуметтанушы.
Әлеуметтанушының айтуынша, жастарда таңдау бар. Сондықтан олар айлығы аз жұмысты емес, шетелдегі ақшасы көп жұмысты таңдайды.
"Халықаралық стандарт бойынша (мысалы Еуропада) айлықтың 3\1 бөлігі азық-түлік пен пәтерге 3\2 бөлігі өзіңе, денсаулығыңа, саяхатқа жұмсалады. Бізде қалай? Елімізде айлықтың 3\2 бөлігі азық-түлікке кетеді. Сондықтан шенділер айлық мәселесін қайта қарау керек деп есептеймін. Тағы мысал келтірейін, АҚШ-та ыдыс жуушы болып істесең сағатына 15-20 доллар аласың. Теңгеге шаққанда 9 мың. Ал бізде ше? Күндік айлығың 3-4 мың теңге. Бүгінгі жас 3-4 мың теңге үшін күні бойы еңбек ете ме? Немесе АҚШ сияқты шетелге барып сағатына 9 мың алуды таңдай ма? Тағы да қайталап айтам жастарды еріншек, қазақты жалқау деп айту қате пікір!", - дейді Мақсат Жақау.
Ол 2300 долларлық айлыққа кез келген қазақ жұмысқа баратын еді дейді.
"Кеше ғана «2300 долларға қазақ жұмыс істеуге бармайды» деген пікір айтылды. Мұны да дұрыс деп есептемеймін. Неге бармайды, барады! Ондай жоғары айлыққа кез келген қазақ жақсы жұмыс істейді. Мамандығы сәйкес келсе болғаны. Мұны да ескеруіміз керек.
Қазір еңбек нарығы да өзгеріп бара жатыр. Вахталық жұмыс деп жатырмыз ғой. Қазір вахталық жұмысқа 300-500 адам барса болашақта оның жартысы да керек болмай қалады. Себебі, қазір адам орынын техника алмастырып жатыр. Сондықтан жастар болашаққа керек мамандықты таңдауы керек деп есептеймін. Ол жағынан қазақ жастары кенде емес. Олар да нарыққа сай өзіне керекті пәнді оқып, қажет білімді меңгеріп жатыр", - деді саясаттанушы.
Айта кетейік, президент айтқан айлығы 1 млн 100 мың теңгелік жұмыс беруші компания Ресейге тиесілі – "Татнефть" компаниясы болып шықты. Өздеріне мәлім ақпарат көздері бойынша компания ұсынған жұмыс орындарына 947 адам өтініш берген. Айлық еңбекақысы 54 мыңнан 160 мың рубль арасында (қазіргі бағаммен 414 мыңнан – 1,2 миллионға дейін) деп айтылған (бұл салық пен өзге төлемдерді қоса алғанда). Жұмысшылар үш іріктеу кезең бойынша қабылданған.
Кейін әлеуметтік желілерде бұл жерге өзі ісінің білгірі – кәсіби маман керек екенін айтылды. Кейбір адамдар жұмыс орнында жұмысшыларға жағдай жасалмағаны туралы да пікір қалдырған.