- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Халқымыз шәйді қалай...
Халқымыз шәйді қалай ішеді?
Көрші орыс халқы шәйді жұмыстан сергіп, жақындарымен сыр шертісу үшін, соңғы жаңалықтарды талдау үшін ішеді. Осы секілді ағылшындар мен қытайлықтардың да шәй ішудегі белгілі бір ерекшеліктері бар.
Расымен де, Қытай халқы өзгелерден шәй ішу дәстүрімен ерекшеленеді. Екі жас отау құра салысымен 7 нәрсені түгендеуге кіріседі екен. Олар – отын, күріш, май, тұз, соя тұздығы мен шәй. Шәй қытайлықтар үшін өмірінің маңызды бөлшегімен пара-пар. Түнде, таң атып келе жатқанда, түсте, түстен кейін, кешкі мезгілде ішеді. Оны күрішке арналған жайпақ тәрелкеге ұқсас ыдыспен ішкенді жақсы көреді. Мұнымен қатар, аталған ыдыс шәй ішу рәсіміне де қатысады.
Шәй ішу рәсімі кезінде тек ең жақсы деген сұрыптағы шәйлер таңдалады. Және шәйді сақтайтын түтікше, суға арналған түпқойма, шәйді қайнатуға арналған жанарғы, шәй жапырақшаларына арналған пиала сынды арнайы ыдыстар қолданылады.
Мұндағы мақсат - орыс халқы секілді шәй ішіп отырып әңгіме-дүкен құру емес, оның жаңа сортымен танысып, дәмінен ляззат алу.
Англия
Ағылшындықтардың әйгілі «5 o’clock» атты шәй ішу рәсімі көп елде танымал. Ұлыбританияда шәй ішу үшін арнайы уақыт белгіленбейді. Олар бұл сусынды күні бойы ішіп жүреді.
Шәй Ұлыбританияда тек XVII ғасырда Карл ІІ патшаның әйелі Катарина Брагансская үнділік сусынды ішуді сәнге айналдырғаннан бастап таныла бастайды.
Осыдан кейін ағылшындар бос уақытында арнайы «шәй бақшаларына» барып шөлдерін қандырады. Айтпақшы, шәйпұл, шайлық сынды ұғымдар осы шәй бақшаларынан пайда болған. Бақшаның дәл ортасында шәйді тез әкелдіру үшін ақша салатын себет тұрған.
Шәйді тек күміс сервизбен ішуді жөн көрген. Ол өз кезегінде молшылық пен тоқшылықтың нышаны болған. Дәл қазір ағылшындықтар бұрынғыша шәй ішуді жақсы көреді және кез келген сортын татып көруге дайын.
Ресей
Ал, Ресейде шәйді қалай ішеді? Әрине, бұл мемлекетте де шәй ішудің ерекше дәстүрі бар. Біріншіден, шәйнекке су құйып үстіне шәй салу рәсімі орыс халқынан бастау алған. Екіншіден, судың ыстық болуын қамтамасыз ететін самаурынды жасап шығарған. Самаурынның арқасында пешке отын салып әуре болмаған.
Арнайы шәй ішетін мекендер ХІХ ғасырдың соңына қарай пайда болған. Ол жерлерде бір самаурын шәймен бірге қант, түрлі тәтті ұсынылған.
Әйгілі жазушы А.И.Вьюрков шәй ішу рәсімі туралы «Шәйді кешкі мезгілде, көңілдеріне мұң ұялаған кезде, ешбір іспен айналысуға зауқы болмағанда және «жәй ғана» ішкен» деп жазған екен.
Ресейліктер шәйді ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде мөлдір стақанмен, стақан сауытымен іше бастайды. Осылайша, тек дәмінен емес, түсінен де ляззат алады.
Ресейде ерте кезде де, бүгінгі таңда да цейлондық шәй танымал болған. Қазір дәмі тіл үйіретін цейлондық Bernley шәйі бар. Оның дәмін тату арқылы көненің асылын танып, иісінен ляззат алуға болады.
Ал, біздің халқымыз шәйді қалай ішеді?
ХІХ ғасырда М.Я.Киттары «Қазақтар шәйді уақытқа қарамастан, кез келген жерде, бәрімен бірге және қонақтар кеткен соң да ішеді» деп жазған болатын. Расымен де, шәйді үлкен ас келгенше және одан кейін ішеді. Кез келген дәмді ұсынар кезде қасында шәй болады. Дастархан басындағы барлық жиын шәй ішуден басталады. Шәй ішілген соң құмғанмен үлкен кісілердің қолына су құйылып, артынша үй иелері үлкен асты ұсынады. Ауылдық жерлерде үлкен астан кейін қымыз ұсынылады, бірақ, қалада міндетті түрде шәй құйылады.
Қара шәй мен сүтті шәй қатар ішіледі. "Қызылдап құйып берші" деу арқылы шәй жапырақшаларының емес, оның қайнағаннан кейінгі түсін білдіреді. Сүт қосылған шәйдің түсі ақтан гөрі қызылға жақын болуы тиіс.
Әдетте, шәйді «шәй сандықтардың» ішінде сақтайтын болған. Оның арнайы ілмегі де бар. Ата-әжеміз немереміз демалысқа келгенде жейді, қонақ келгенде дастарханға қоямыз деген ниетпен ол сандыққа шәймен бірге қант, түрлі тәтті, печенье, кәмпит салып қояды.
Сүтпен, тұзбен, талқанмен
Бүгінгі таңда қара шәйге сүт қосып ішкенмен, бұрындары мүлдем өзгеше болған. Сүттен өзге талқан, тұз қосып ішкен.
Жайлауға, күземге, қыстауға, көктеуге көшіп жүрген кезде де қайнаған сүтті пайдаланған. Шәй салынған суды міндетті түрде қайнататын болған. Шығыс Қазақстан облыстарында қонақтарға шәй беру кезінде шәугім мен шәйнек үнемі қазан-ошақтың үстінде қайнатылып тұрады екен. Қонақжайлықтарын таныту үшін көмірлі пеште қайнатылған шәй ұсынған.
Суды шәймен бірге келген самаурындарда қайнатқан. Құрметті қонақтарға электрлі шәугімдегі шәйден самаурындағысын ұсынуды жөн көрген.
Қадірлі қонақтарға арналған шәй
Аталған сусынды ішуді күнделікті тұрмыстың бір бөлшегіне айналдырған соң арнайы «шәй ішу рәсімін» енгізеді.
Орта Азия халықтарының салт-дәстүріне сәйкес, шәйді пиаланы толтырмай құяды. Пиаладағы шәйдің мөлшері аз болған сайын қонаққа деген құрметіміз шексіз деген ұғым қалыптасқан. Алматылық жас бойжеткен Қызылордаға келгенінде шәйді пиаланың түбінен құйып бергенін көріп, қатты таңқалған екен. Өйткені, алматылықтар өзге облыстарға қарағанда шәйді көбірек құяды. Артынша, қызылордалықтар бұл әрекеттерін шәйді көп құю арқылы қонақтың тез кетіп қалғанын меңзейсіз деп түсіндірген екен. Ал, шәйді аздан құю арқылы үнемі ыстық шәй ұсынып, жылы шырай танытуға көбірек мүмкіндік туады.
Шәй, әдеттегідей, көп ішіледі. Үй иелері қонақтардың пиаласы босап қалмауын үнемі қадағалап тұрады. Шәйді тек қонақ шақырған үйдің адамдары құяды. Қонақтар шәйді ішіп болғанын кесені шетке қою арқылы, ішіне шәй қасықты салу арқылы немесе бетін саусақтарымен жабу арқылы білдіретін болған. Ал, үй иелері өз кезегінде қонақтарды тағы да шәй ішуге үгіттейді.
Шәйді күнделікті тұрмыста анасы немесе қызы құяды. Ана көрген тон пішер дегендей, бойжеткендер шәй құюды анасына қарап отырып үйренетін болған. Ал, үйленген ұлы бар үйде шәйді келіні құяды.
Кейбір аймақтарда қала қыздарында тәжірибе жоқ деп үлкен жиын-тойларда оларға шәй құюға тыйым салады. Үлкен кісілер келінді мақтағысы келгенде «Шәйің балдай екен, қарағым» деп алғыс білдіреді. Шәй ішіп отырып маңызды мәселелерді талқыламайды.
Шәй ішу рәсімдерін алыс-жақын ағайындармен көрісіп, сыр шертісу үшін жасайды. Үйге туған-туысқан, дос-жаран келсе де, ең бірінші шәйге шақырады.
Шәй ішу кезінде қызықты әңгімелер айтылады. Ал, не үшін ат басын бұрып келгендіктерін, бұйымтайларын шәйден кейін айтады.
Қазақша шәй
Жарты литр қайнаған суға 5 қасық шәй салады. 3 минуттан соң үстіне сүт, кілегей қосып араластырады. Осылайша, көпке ұсынатын шәй дайын.
Ал Сіз тұратын аймақта шәйді қалай құяды?
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай