Ғашықтар мекені

Астана қаласындағы саяхатымызды жалғастырамыз. Бүгінгі сіздермен бірге аялдайтын мекеніміз – "Жастар саябағы".

"Жастар саябағы" – Астана қаласындағы ғашық жандарға арналған бірден-бір романтикалық орта. Саябақ Есіл өзенінің сол жағалауындағы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ғимараты мен Сарыарқа даңғылы арасынан орын тепкен. Жалпы алып жатқан көлемі – 14га. Аталған саябақты жобалауды «USB Group» компаниясы, құрылысын «ҚазГерСтрой» ЖШС жүзеге асырды. 

Жастар саябағының ашылу салтанаты 2005 жылы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен болатын. 5000-нан астам мектеп оқушылары қатысқан мерейлі іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ағаш отырғызды.

Ағаш демекші, болашақта сіздер бұл жерден қалың "орманды" көре аласыздар. Саябақ сіз бен біздің балаларымыздың тыныш өмірінің, сезімдерінің куәгері болады деп жопарлануда. Бұлай дейтініміз, мұнда көгалдандыру жұмыстары жақсы қолға алынған. Бұл жерде солтүстікке тән шырша, емен, қайың мен теректерден өзге, үйеңкі мен шегіршіндердің жас бұталары өсіп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, саябақ аумағында 3 500-ден астам ағаштар мен бұталар егілген, 5 мың шаршы метр гүлзар, 116 мың шаршы метр көгалдар отырғызылған.

Әңгімемізге арқау болып отырған саябақтың ғашықтар мекені деп аталуына «Бақытым менің» атты бозбала мен бойжеткеннің мүсіндік композициясы себеп болды.

Елорда күніне сәйкес келетін көптеген неке қию рәсімдері осы «Жастар саябағында» өтеді.

Саябақтағы махаббатқа арналған ескерткіштер саны мұнымен бітпейді. Мұндағы орындықтардың өзі әлемдегі ең ұлы сезімнің құрметіне арналған.

Ғашықтар саябақтағы "Алғашқы сүйіс орындығына", "Татуласу орындығына" отыра алады. Ғашықтар мекеніндегі басқа мүсіндер қазақтың кең даласын, қазақтың болмысын еске салып тұрады. 

Субұрқақ па? Әрине, субұрқақ та бар! Саябақтың ортасында үлкен, сәулеті жағынан ерекше субұрқақ орналасқан. 

Сұлулық пен махаббат иісі мүңкитін саябақта көрінісі көз тартарлық тағы да бір дүние бар. Ол – жуырда ғана орнатылған ағаш жұмыртқа.


Ескерткішті жасаған мүсіншілер - Мұстафа Хади, Пол Марчандис, сценографшысы - Маркос Виналс Бассолс, суретшісі - Курт Вермюлен.

Сценографшы Маркос Виналс Бассолстың айтуынша, "Жұмыртқа – жаңа өмірдің бастауы. Ал оның ішіне кірген адам тілек тілеп, өзге әлемде жүргендей күй кеше алады. Сондай-ақ, ол бірлік пен татулықтың белгісі іспетті".

Бүгінде елордамызда қол ұстасқан ғашықтар саябақ ауласында серуендеп, суретке түсіп, жұмыртқа ішіне кіріп тілек тілейтін көрінеді.

Арнайы Massaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева