- Негізгі бет
- Қазақстаным
- НУ ғалымдары "ұйқы...
НУ ғалымдары "ұйқы ауруына" шалдыққан Калачи ауылының құпиясын ашуға жақын
Тұрғындары белгісіз ұйқы дертіне шалдықты деп хабарланған Ақмола облысындағы Калачи ауылында Назарбаев университетінің эпидемиологы Байрон Крэйп бастаған бір топ ғалымдар зерттеу жұмысын жүргізді. 2012 жылдан басталған белгісіз дерт тек араға үш жыл салып тоқтады. Ғалымдар дерт қайта өршіген жағдайда дайын болу үшін зерттеуді бастаған.
Бұл жолы ғалымдар топырақтың, ауа мен судың құрамын зерттеп қана қоймай, Калачи ауылының тұрғындарымен жіті сөйлесті.
"Біз тұрғындармен сөйлесіп, олардан білмейтінімізді үйренуіміз қажет. Кейде үлкен идеяны қарапайым жолмен іске асырға болады. Тіпті, ғалымдар түсінбейтін құбылысты қарапайым халық білуі мүмкін. Біз 202 отбасының мүшесімен сөйлесіп, түрлі сұрақ қойдық", - дейді ғалымдар тобының жетекшісі Байрон Крэйп.
Ғалымдар халықаралық комиссияның "ұйқы ауруына" жергілікті жердегі радиация себеп деген тұжырымын жоққа шығарды. Бұдан бөлек Байрон Крэйп дерттің себебі болуы мүмкін деген миқұрты, тұқым қуалайтын аурулар мен тұншықтырғыш газды тізімнен алып тастады. Оның айтуынша, Назарбаев университетінің ғалымдары құпияны ашуға жақын қалған.
Ғалымдар ауыл тұрғындары жеке меншіктегі жер асты сорғышы арқылы келетін ішуге жарамды суды сатып алып ішетінін анықтаған. Ал үй жануарларына өзеннен су тасиды екен. Сәйкестік пе, жануарлар "ұйқы ауруына" шалдықпаған.
"Бір әйел ғана мысығы дұрыс ұйықтай алмағанын айтты. Бұл жануарлардың "ұйқы ауруына" шалдыққан жалғыз жағдай. Кейін анықталғандай, мысық сорғышпен алынатын суды ішкен", - деп атап өтті Крэйп.
Ғалымдар ауыз судың құрамын зерттеп, уланған-уланбағанын анықтауға кіріскен. Олардың айтуынша, жақын маңда орналасқан уран кені жер асты суын ластаған болуы мүмкін.
"Адамдар ол жаққа химиялық улы заттарды лақтырған болуы мүмкін, өйткені кеніш 1980 жылдардан бері бос жатыр. Интернеттен Павлодарда химиялық заттар өндірген деген ақпарат оқыдым. Оны қайда сақтады екен? Әдетте улы дүниені арнайы бөшкеге салады.
Жер астында дымқыл, сол себепті бөшкелердің түбі шіріп, у жерге сіңуі мүмкін. Ол кейін суға түсіп, ауыл тұрғындарын улайды", - деген тұжырым айтты профессор.
Судың улануы барлық сұраққа жауап болмақ. Оған қоса, химиялық заттар Целсий бойынша 1 градуста бұзылады екен. Ауылдағы "ұйқы дерті" қыстыгүні өршіп, күн жылығанда жоғалып кетеді.
"2012-2015 жылдары дерт өршіп тұрған уақытта бөшкедегі химикаттар жерге толық сіңіп кеткен. Бірақ бұл тек болжам екенін ұмытпау қажет", - дейді топ жетекшісі Байрон Крэйп.
Болжамды нақтылап тұжырым жасау үшін ғалымдар уран кенінің біріне түсулері керек. Бірақ ұзақ уақыттан бері бос жатқан кеніш адам аяғы басқан сәтте-ақ опырылып кетуі ғажап емес. Сол үшін Назарбаев университеті инженерия мектебінің мамандары кен орынына ұшқышсыз басқарылатын аппаратты жіберуді жоспарлап отыр.