Гаагада адамзат атомдық қаруға қарсылығын білдірді

Гаагада адамзат атомдық қаруға қарсылығын білдірді

2012 жылдың  29 қазанында Гаага қаласында (Ниделанды Корольдігі) орналасқан Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Ұйымында АТОМ Жобасының тұсаукесері өтті. Бұл туралы "Назарбаев орталығының" баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президентінің 2012 жылғы 29 тамызда үлкен халықаралық конференцияда жариялаған АТОМ Жобасы – ядролық қаруды сынауға толық тыйым салуға қол жеткізу мақсатындағы жаһандық қоғамдық күштерді біріктіруге бағытталған халықаралық кампания.

ыв

«Назарбаев орталығы» ММ директорының орынбасары Р.Ю.Василенко АТОМ Жобасының тұсаукесерінде Гаагада тіркелген халықаралық ұйымдар, қоғамдық-саяси  және аналитикалық топ өкілдеріне сөзін арнап: «Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев дамудың озық тәжірибесіне деген қазақстандықтардың қабілеттілігі мен азаттық сүйгіш табиғатына, біздің қоғамның жан-жақтылығына арқа сүйей отырып, жаңа мемлекет құрды. Алғашқы күннен-ақ Елбасымыздың бірінші кезекке қойған басымдығы да жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, жаппай қырып-жою қаруын таратпау мен ядролық қарусыздану болатын», –  дегенді ерекше атап өтті. 

Өз кезегінде Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Ұйымның директоры Ахмет Узумджю: «Мұндағы әрбір картинаның артында жан тебіретерлік тарих тұр. Олар (картиналар) барлық әлемді ядролық сынақтарға тыйым салып, ядролық арсеналды жоюға шақыра отырып, қазақстандықтардың жүрегіндегі бейбітшіліктің хабарын жеткізеді», – деп атап кетті.

АТОМ Жобасы аясында лентасын қиған «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар: Кәріпбек Күйіков шығармашылығы» атты сурет көрмесі салтанатпен ашылды.

ва

Кәріпбек Күйіковтің "Автопортреті"

Көрменің лентасын қию құрметі Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Ұйымның директоры Ахмет Узумджю мен Нидерланды Парламенті Сенаты президентінің орынбасары Ганс Франкенке берілді, сондай-ақ көрмені алғашқы тамашалау да солардың еншісіне бұйырды. Жоғары дәрежелі қонақтарға көрмедегі еңбектерді Кәріпбек Күйіковтің өзі таныстырды.

Кәріпбек Күйіков – Қазақстанның Қарағанды қаласында жұмыс істейтін суретшісі. К.Күйіков те Семей полигонындағы ядролық қаруға жүргізілген сынақтардан зардап шеккен көптеген жандардың бірі болды. Ол 1968 жылы Қарағанды облысына қарасты, ядролық полигоннан бар болғаны 90 шақырым қашықтықта орналасқан Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Ядролық сәулелену әсерінің салдарынан К.Күйіков өмірге екі қолсыз келген.

«Өзімнің картиналарымда ядролық қару сынақтарының әкелетін барлық қасіреттерін көрсетуге ұмтылдым, – деді өзінің жұмыстарының көрмесі ашыларда сөз сөйлеген К.Күйіков.

АТОМ Жобасын «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады. «Назарбаев орталығы» 2012 жылдың 23 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен көп функциялы, ғылыми-талдамалық, ағартушылық-гуманитарлық мемлекеттік мекемесі болып құрылған.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kazinform.kz, vk.com