Франция Алматыны құттықтайды

Оқырмандарымызға 15 қыркүйек – Қала күнінде Алматы қаласында дәстүрлі Apple Fest алма фестивалінің өтетіндігін хабарлаған болатынбыз.

Осы іс-шара барысында Mademoiselle K француздық рок-тобы өнер көрсететін болады. Аталған топ Францияның, Швейцарияның бірнеше қаласында, атап айтар болсақ, Парижде, Женвада, Реннеде, Бордода концерттерін берген екен.

2004 жылы құрылған топ поп-рок стилінде өнер көрсетіп келеді. Топтың бүгінге дейін төрт бірдей альбомы жарық көріп үлгерді. Әнші туралы француздық баспасөз "шынайылық иісі аңқитын, гитара шегінде билейтін алтын дауыс" деп жазады.

Француз әншісінің концерті сағат 16.00-де ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы Apple Мusic сахнасында өтеді.

Қаланың мәдениет басқармасының хабарлауынша, Mademoiselle K-дан басқа қазақстандық орындаушылар да өнер көрсетеді. Сіздер Алматыдағы Марат Серкебаевтың көркемөнер оркестірінің өнерін тамашалап, Гаухар Сапарованың джаздық бендін тыңдай аласыздар. Сондай-ақ, фестиваль қонақтары үшін Беляковтың басқаруымен симфониялық оркестр ойнайтын болады.

Алдағы демалыс күндерінің ең ауқымды шараларының саны жетіге жетті. Олардың төртеуі сенбі, үшеуі жексенбі күндері өтеді. Мерекелік отшашу 14 қыркүйек күні "Астана" алаңында сағат 22.00-де ұйымдастырылады. Мұндай отшашуды алматылықтар әлі күнге дейін көрген емес.

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: blog.transbordeur