Филателист дегеніміз пошта маркалары мен басқа да пошталық төлем белгілерін жинайтын адам. Жинағанда да оны арнайы филателия принципімен жинау. Мұнда да филателист пошта маркаларын жинап қана қоймайды, сонымен қатар пошта маркалары туралы: қандай түрлері барын, қай жылы шығарылғанын, қандай тұлғаға я қандай тарихи оқиғаға арналғанын зерттеп біледі. Жиналған пошта маркаларын түрлі филателистік көрмелерге қою үшін әрлеп, сәндейді.
Ал «филателист» термині «филателия» деген сөзден шыққан. Грек тілінде бұл сөз «φίλος», «φιλέω» деп белгіленіп – дос және «τέλος» сөзі – жинау деген мағынаны білдіреді. Жалпы ұғымы – «пошта төлемдерінің белгісін жақсы көретін адам» дегенге саяды.
Әлемде маркаларды жинау ісі 1840 жылдан басталады. Себебі осы жылы пошта маркалары шығарыла бастады. Қайсыбір болжам бойынша, тұңғыш филателист ретінде француз суретшісі Мансен есімді азаматтың есімі аталады. 1855 жылы ол сол кезге дейін шыққан барлық пошта маркаларын Эдуард Сапланта есімді саудагерге сатып жіберген. Ал басқа бір дерек бойынша, бірінші филателист британдық зоолог Джон Грей.
Осы уақыттан бастап филателия коллекция жинаудың үлкен бір саласына айналады. Бұған халықаралық және ұлттық филателистерінің бірлестіктері мен ұйымдарын айтып, дәлел келтіруге болады.
Әлемде ресми түрде тіркелген миллиондаған филателист бар. Тіркелмегені қаншама. Филателистік өнерге орыстың атақты қаламгерлері А.Блок пен М.Горький, ғалымдардан И.П.Бардин және И.П.Павлов, АҚШ-тың бұрынғы президенті Ф.Рузвельт, әнші Карузо және басқа да атақтылар қызыққан.
Еліміздегі филателистикаға келсек, тұңғыш пошта маркамыз тәуелсіздік алған соң 1992 жылы шықты. Онда «Алтын адам» бейнеленген. Бастапқы кезде пошта маркаларының негізгі қызметі пошталық жинақтарды төлеу болса, кейінде оның мән-мағынасы арта түсті. Мәселен, оны көптеген елдерде өз елінің символикасы ретінде қарастыра бастады. 1999 жылы құрылған «Қазпошта» Акционерлік Қоғамы 180 елді құрайтын әлемдік пошта ұйымында Қазақстанды таныстырады. Қазақстандық пошта тарихы ықылым замандарға кетеді. Мәселен, Ресейдің пошта-телеграфтық қорындағы деректерге сүйенсек, Алматы қаласында пошта бөлімшесі 1860 жылы-ақ ашылып қойған. Кейін бұл бөлімше пошта-телеграфтық контораға айналады. Ал 1883 жылы бұл контораға 14 бірдей пошта бөлімшесі қарайтын болған.
Осы күнге дейін елімізде 753 түрлі пошта маркасы мен Қазақстан республикасы блоктары шыққан. Мәдени мұра саласында ақын Қасым Аманжолов, академик, профессор Орымбек Жәутіковке арналған пошта маркалары шықты. Бұдан бөлек, Қазақстанның ежелгі тиындарына арналған пошта маркалары шықты. Қазірде «Қазпошта» Акционерлік Қоғамы елімізде де, басқа да шет мемлекеттерде де түрлі филателистік көрмелер ұйымдастырып тұрады.
Ескерте кетейік, осыдан тура 8 жыл бұрын «Қазпошта» АҚ республика ішілік пошталық айналымға жаңа марка шығарды. Жаңа шығарылым танымал геолог-ғалым, Қазақстандағы геомеханиканың негізін салушы, ҚР ҰҒА мүшесі, профессор Ақжан Машанидің 100 жылдығына арналған. Екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ол геология және кен істері бойынша жарық көрген бірқатар оқу құралдарының авторы.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: wikipedia.org, profit.etrend.sk, kazpost.kz