Бүгін – көпшіліктің сүйікті желісіне айналған фейсбуктың туған күні. Қазіргі таңда елімізде желілердің түр-түрі бар, бәрі де бір-бірінен асып түседі. Солардың ішінен фейсбукті таңдай отырып, осында таңды атырып, күнді батыратын қолданушылардың қатары көп-ақ.
Туған күн қарсаңында фейсбукті дос санайтын бірқатар қолданушыларға "Фейсбук сізге несімен ұнайды? Желіде не үшін отырасыз?" деген сауалды қойып көрдік. Жауап төмендегідей:
Айжан Құлмұхамбетова:
- Фейсбук мен үшін достарым отыратын әлеуметтік желі. Көбіне достарым үшін кіремін және жарнама жүргізгенге, қысқа-қысқа ойларыңды жазуға ыңғайлы әрі пікірталас жасағанға қолайлы орта. Адамдардың неге қызығып, немен айналысатын білуге болады. Әрі жұмыс табуға да көмектесетіні бар. Мен үшін пайдалы сайт. "Жасай берсін фейсбук!" дегім келеді.
Ербол Азанбек:
Фейсбуктың адамдармен сөйлесу, пікір алмасу мүмкіндігі ұнайды. Журналист кезімде пайдалана бастағам. Ақпарат, пікір жинауға, қажетті адамдарды табуға ыңғайлы болған соң тұрақты қолдана бастадым. Қазір банк клиенттері, журналистер, блогшылармен кері байланысқа, қажетті ақпараттарды жинауға, өзіміздің жаңалықтарды тарату үшін қолданамын. Егер орынды қолдана білсең фейсбук өте жақсы құрал.
Әйгерім Жаңабайқызы:
Әлеуметтiк желі болғанымен, бiзде ақпарат алмасу құралы ретінде қалыптасып кеткен. Мен сол ақпарат алмасушы ретінде отырамын. Және бір қызығы – шынайы өмірге қарағанда, виртуалда әлдеқайда көңілдірек отырады екенмін. Шынымды айтсам, мұнда 24 сағаттың 14-18 сағатын жұмсайды екенмін. Ұнайтыны – қазақша шрифттер жазылады. Бiрақ, фейсбукті "Мой мир" немесе "Вконтактемен" мүлде салыстыруға болмайды, әрқайсысының өз ортасы бар.
Эльвира Ерғалина:
- Фейсбук – кез келген ойыңды ашық жаза алатын алаң. Бұл "мекенде" достарыңмен қалжыңдасасың, пікір алмасасың, тіпті "қыран-топан" қырылып қаласың. Көзі ашық, түйгені мол жандар отыратын желі болғандықтан қатты ұнайтын, қызықты болатын, ал қазір "Майл.ру"-дан, фейсбукке бағыт алған "ұлы көштің" салдарынан бұл желі де өз мағынасынан айырыла бастаған сияқты. Күні-түні "жанымнан шықпайтын" досымды туған күнімен құттықтаймын!
Ербол Серікбай:
- Фейсбукте достарыммен сөйлесіп, бір тақырыпты талқылау үшін отырамын. Олардың өмірінде болып жатқан жағдайлардан хабардар болып, соңғы жаңалықтарды көріп отырамын. Тағы бір себебі, фейсбукті жұмыс орны ретінде қарастырамын. Мұнда өз жобаңды жүргізуге болады. Яғни арнайы өз жобамның пиарымен айналысамын.
Ая Өміртай:
- Фейсбук – тақырып іздеген журналистерге бірден-бір тиімді орта. Сонымен бірге пікірлесуде, пікір алмасуда өте қолжетімді. Үлкен аға-апайларымыздың әңгімесін осы жерде отырып оқи аламыз. Сосын әрине жаңа таныстықтар, виртуалды махаббат, сезім (күліп). Фейсбукпен шай ішіп отырып та, жолда келе жатсам да, ұйықтасам да біргемін. Цукербергке алғыс айтамын. Фейсбук әлеуметтік желісі дами берсін! Туған күніңмен!
Назира Бурханова:
- Бүгінгі ақпарат пен технология дамыған заманда әлеуметтік желілердің рөлі зор болып тұр. Ақпарат өте көп, оның бәрін оқып үлгеру мүмкін емес. Осы ретте, елімізде болып жатқан нәрселерден қалыс қалмас үшін әлеуметтік желілердің көбісіне тіркелгенмін. Жиі пайдаланатыным – твиттер мен фейсбук. Аталған екі желі арқылы көптеген дүниені алғашқы болып естуге болады. Әр желінің өзіндік ерекшелігі бар. Фейсбук бірнеше сурет, видеоны жүктеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы фейсбукті еліміздегі және дүние жүзіндегі жаңалықтарды оқу, хат-хабар алмасу мақсатында пайдаланамын.
Ал сіз фейсбукте не үшін отырасыз?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: қолданушылардың фейсбуктағы парақшаларынан алынды