- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Фантастиканың ғылымға айналған...
Фантастиканың ғылымға айналған тұсы
Көбіміз мистика мен аномалияны қияли, өмірде жоқ құбылыс деп қате түсінеміз. Бізге әзірге жат, түсінуге келмейтін заттар, әлі де зерттеле қоймаған ғылым. Қарапайым гипноз туралы біліміміз жетпей жатып, мұндай күрделі тақырыпқа бару бассыздық. Оған тек сену қалады. Мәселен, табиғат тылсымдарын алып көрсек...
Зоологтар мен биологтар, одан басқа саладағы маман иелері Жер шарының түкпірлерінен жыл сайын бір жануар немесе жәндіктің, құстың, балықтың бар екенін анықтап жатады. Жер бетіндегі құбылыстарды әлі де зерттей алмай келе жатқан өркениет теория жүзінде ғана сөз сөйлей алады. Ғылым әрқашан да фантастиканың ізімен келетінін де білеміз. Адам ой-санасының дамуына ықпал ететін жаңалықтар, ақпараттар, өнертабыстар. Дәл осы күні де сәуле таралуы (радиация) сияқты көзге көрінбейтін құбылыстың куәсі болып жүрміз. Бұл құбылыс ғылыми дәлелденіп, зерттелді, ал ғасырдан астам уақыт бұрын мұндай сөзді айтқан адам жынды делінетін болғанына сенесіз бе? Бұдан көзімізге көрінбейтін, қолға ұстап көруге болмайтын құбылыстардың болатынын дәлел еттік.
Қызылқұм шөліндегі жартастан табылған сурет
Сол мистиканың дәлелі ретінде алысқа бармай, өзіміздің Қызылқұм шөлін алып көрелік. Түркменстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағын алып жатқан Әмудария мен Сырдария өзен аралықтарындағы шөл өте аз зерттелген жер. Орталық Қызылқұм аумағындағы тауларда ғарыш кемелеріне өте ұқсас кемелерден шығып бара жатқан, үстіне скафандрға келетін адамдардың суреті салынған (суретте). Қызылқұмда, сонымен қатар, ұшатын беймәлім нысандар (НЛО) талай мәрте кездескен екен. 1990 жылы қараша айында Өзбекстанның Зарафшан қаласындағы "Льдинка" кооперативі жұмысшылары аспаннан 40 метр көлемді, цилиндрге ұқсас затты көргенін айтыпты.
Ұшатын беймәлім нысан. Қызылқұм шөлі
Сонда белгісіз бір қайнардан конусқа келіңкірейтін сәуле таралыпты. Өзбекстандық "Уфоцентр" уфология ассоцияциясының директоры Сергей Азадов бұл жерде көптеген тылсым құбылыстар болып тұратынын айғақтаған. Мәселен, Зарафшан қаласында Сергей Азадов бастаған экспедиция жатжерлік өркениетпен үнемі байланыс жасап отыратын жергілікті әйелмен сөйлесіп, оған 1990 жылы жер орбитасына таяу тұста бөгдеғаламшарлық кеме жойылғаны жайлы айтылғанын анықтаған. Ал сол аумақтың 30-40 шаршы шақырымына кеме сынықтары құлапты. Ал жарты жылдан соң (1990 жылдың 26 қыркүйегі) екі геолог белгісіз бір бояуларды көріпті. Зерттелген соң бұлардың да бөгдепланеталық заттың қосындысынан болғаны анықталған. 2000 жылы автоматты түрде жұмыс жасайтын камера жартастарға қарай бет алған ұшатын беймәлім нысанды түсіріп алған екен. Роликтің түпнұсқалылығы анықталмаса да, сол күйінде шешусіз қалып кетті.
Үрейлі Өлі көл осы
Тағы бір ауытқушылығы бар жер – Өлі көл. Алматы облысы аумағына енетін кішігірім көл де уфолог ғалымдардың көп айтатын жері. Онда тіпті жаз айларында да су белгісіз бір құбылыс арқылы мұз болып тұрады. Сонымен қатар, мұнда балдыр мен балықтар да жоқ екен. Суда мекен ететін майда жәндіктердің біреуі де кездеспейтініне не айта аласыз? Ғалымдар бұл құбылысты көл тереңінде улы газ бөлініп, барлық тірі жәндіктерді қырып тастайды деп түсіндіреді. Тағы бір үрейлісі, Өлі көл тереңінде ауа толтырылған балонмен 5 минуттан артық тұра алмайсыз. Ал сол тереңнен адам өз бетімен жүзіп шыға алмайды-мыс, сондықтан да екінші бір адамның көмегі ауадай қажет.
Айта кетейік, жыл сайын бұл көлде адамдар су астына кетіп, қаза табады. Тылсым көлдің жемтігіне көбіне жергілікті табиғатпен таныс емес туристер айналады екен. Ал жерліктердің бұл көл туралы мыңдаған аңыздары жайылған. Кейбір аңыз желісі бойынша, бұл көлге түскен адамды өліктер су астына тартып кетеді екен. Таңғалдыратыны сол – өлген адамдар әншейіндегідей су бетіне шықпайды, оның орнына тереңге батып, тік тұрған бойда табылып жатады-мыс. Ал тағы бір аңыз бойынша, бір ғасырдан астам уақыт бұрын қызғаныш отымен белгісіз бір ер азамат ашу үстінде әйелін осы көлге тұншықтырып өлтірген. Ал оның жарының еш кінәсіз болғаны кейін анықталыпты. Міне, халық арасында осындай бір үрейлі аңыздар көптеп айтылады.
Сонымен, құрметті оқырман, сіз мистикаға сенесіз бе?
Автор: Алшын Матай
Сурет: art-apple.ru
А. Құлтай