«Эйр Астана» компаниясы жүлдемен марапатталды

Ұлттық әуетасымалдаушы Skytrax 2014 «World Airline Awards» сыйлығының «Орталық Азияда және Үндістанда үздік әуекомпаниясы» деген аталым бойынша 4 жұлдызды рейтингінің иегері болды. Мұнымен қатар «Эйр Астана» компаниясы «Орталық Азияда және Үндістанда үздік борттық қызмет көрсету» сыйлығымен марапатталды.  Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Фарнборо қаласында авиашоу шеңберінде өтті.

Skytrax рейтингтік агенттігінің «World Airline Awards» халықаралық тәуелсіз сыйлығы – жолаушылардың әуекомпанияларға қанағаттанушылығын өлшеуге арналған әлемдегі негізгі құрал. Зерттеу түрлі класпен саяхаттайтын жолаушылардың бағаларын талдауға негізделеді.


Жолаушыларға жерде және әуеде қызмет көрсету бойынша сауалнама телефон, онлайн және ауызша сұрау арқылы жүргізілген. Сауалнама 10 ай мерзімінде өткен. Әуекомпаниялар қызметінің сапасы қызмет көрсетудің және қызметтердің негізгі түрлерінің бірқатар көрсеткіші бойынша, соның ішінде тіркеу, бортқа отырғызу, жолаушы креслоларының жайлылығы, салон тазалығы, тағам және сусындар сапасы, ойын-сауық жүйесі мен бортта қызмет көрсетуі қоса бағаланады. Зерттеу нысанасы ретінде ірі халықаралық әуетасымалдаушыдан шағын ішкі әуетасымалдаушыға дейін 200-ден астам әуекомпанияны қамтыған.

«Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер: «Эйр Астананың қызмет көрсетудің ең жоғарғы стандарттарын қамтамасыз ету бойынша еңбегі «World Airline Awards» сыйлығының үш дүркін лауреаты атануына жеткізді. 4000-нан астам біздің әрбір қызметкеріміз «Эйр Астананың» Орталық Азиядан жетекші тасымалдаушы болып қалуына өз үлесін қосқанын мақтан тұтады»,-дейді.

«Эйр Астана» компаниясын бұл жетістігімен біз де құттықтаймыз!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz, Эйр Астана компаниясының баспасөз қызметі