Жиырма жасар теміртаулық Анна Попова Анталияда өтетін «Еуразия аруы – 2013» байқауында еліміздің намысын қорғамақ.
Айта кетерлік жайт, Анна Попова 2011 жылы ғана «Қарағанды аруы» атанған болатын. Сонымен қатар ол «Қазақстан аруы - 2011» байқауында да Қарағанды атынан қатысқан еді. Бірақ та Аннаға алғашқы бестіктің қатарына қосылу бұйырмап еді.
Еуразияның ең сұлу аруы атына 24 елден сымбатты да сұлу қыздар қатысқалы жатыр.
Байқаудың шарты бойынша, арулардың бәрі де жоғары оқу орнында оқыған не жоғары оқу орнында оқитын болуы шарт. Сонымен қатар, қыздардың сымбаты модельдердің дене бітімінен кем болмауы да қажет. Дәл қазір қатысушылар Анталияға жетіп те алған. Байқау барысында дарынды, ең сұлу, ең тартымды арулар анықталатын болады.
Айтпақшы, Қазақстан бұл байқауға осымен үшінші рет қатысқалы жатыр. 2012 жылы «Еуразия аруы - 2012» байқауына қостанайлық ару қызымыз Юлия Логиновская қатысқан болатын. Юлия Логиновская ол кезде жеңіске қол жеткізе алмаса да, «Фото Ару» титулына ие болған еді. Ал байқауға 2011 жылы алматылық Инесса Назарова қатысып қайтты.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: season.kz