Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен батыр бабаларымыз ұланғайыр кең даланы ұлардай қорып өткені бәрімізге белгілі. Кешегі Исатай мен Махамбеттің, Әлия мен Мәншүктің, Қайрат пен Ләззаттың ерліктері ел есінде. Еліміз егемендігін алғанша талай қанқұйлы соғысты, талай тар жол тайғақ кешуді басынан кешіргендігін тарих беттерінен білеміз. Жұрт дегенде жұмылған, ел дегенде егілген батыр бабаларымыздың бар мақсаты – артындағы ұрпақтарының, яғни біздердің бейбітшілікте өмір сүруімізді қалады. Елбасымыз Н.Назарбаев "Біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлық күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр" дейді. Сондықтан отансүйгіштік қасиет қашан да қастерлеуге тұратын қасиет. Иә, расында да, тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға басып келеміз.
Ата - бабаларымыздан біздерге мұра болып қалған, кіндік қанымыз тамған жер – атамекеніміз әрқашан біз үшін бірінші орында болуы керек. Мен қазақпын деген әрбір азамат қасиетті еліміздің, жеріміздің патриоты болса, біздің мемлекетіміздің іргесі берік боларына күмән келтірмейміз. Ал патриоттық ұғымды қалай түсінеміз?
Патриотизм – өзінің Отанына, Атамекеніне, туған жеріне деген сүйіспеншілік. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Елім деп еңіреген есіл ерлеріміздің есімін ешқашан ұмытпай, ұлықтай білейік. Еуропаға еліктемей, еліміздің еңсесін тұғырлы етер өнегелі ұрпақ болайық.
Дайындаған:Жасұлан Исакаев
сурет:blogtime.kz