Еліміздегі республикалық мәні бар трассаларда демалыс орындары салынады. Бұл құрылыстың құрамына жол бойындағы эстакада, орындық және дәретхана кіреді. Бұл туралы көлік және транспорт министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов айтты.
Бұндай алаңдардың интервалы трасса категориясы мен көлік ағынының мөлшеріне қарай белгіленеді. Бірінші дәрежелі жолдарда демалыс орындары әр 20 км сайын салынса, екінші дәрежелі жолдарда интервал 55 км болмақ.
Оңтүстік Норвегия. 43-тас жол. Снартему демалыс орны (көрнекі сурет)
Мәселен, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолында 105 алаң салынады. Дәл осындай құрылыс салынып жатқан Cамара-Шымкент, Хоргос – Ташкент, Астрахан-Атырау-Ақтау-Түркменбашы, Астана - Қостанай - Челябинскі; Алматы - Қарағанды - Астана және Омскі-Майқапшағай трассаларында да орналасын болады.
Шенеуніктер, сонымен қатар, аталған орындарда дәмханалар мен жанармай құю стансаларын салуға бизнесмендерді тартатындығын айтып отыр.
Айта кетелік, министрлік бұған дейін елдегі трассалардың бойында шұғыл байланыс дүңгіршектерін орналастыруды жоспарлаған болатын. Дегенмен институт мамандары елдегі тас жолдардың 80 пайызында ұялы байланыс операторлары қызмет көрсететіндігін білгеннен кейін бұл бастама пайдасыз деп танылды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: mx4u.ru