Қарызға алынған мал жыл өткеннен кейін төлеммен қайтарылады. Ұрғашы мал еркек малдан қымбат бағаланады. Қонақ қондырмағанға айып бар. Қонақасын дұрыс бермегендер жазаға лайық. Ауқатты адамдардың кедейге жәрдем беруі міндетті. Малды және басқа жануарларды зәбірлеу – қылмыс. Әдепті бұзғандарға жаза бар. Тентек үшін тек әке-шешесі ғана емес, бүкіл ауыл, сол ауылдың ақсақалдары жауап береді. Арақ ішіп өлгендердің жаназасы шығарылмайды және бөлек жерленеді. Оң жақта отырып екіқабат болған қыз қалыңмалсыз беріледі. Некесіз бала туған әйелге құрмет көрсетілмейді. Қарабет болған қыздың бұрымын кесіп масқаралайтын заңдар болған. Малдың өрісін, жусауын бұзғанға айып тағылады. Екі адамның бірі боранда үсіп өлсе, оның қасындағы қасқыр ішікті адам құн төлейді. (Өйткені, бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді). Тәртіпсіз шәкіртке дүре соғылады. Еңбегі үшін әркім ақы сұрауға хақылы. Бірақ асарда, үрмеде ақы сұрауға болмайды. Өртке, апатқа ұшыраған отбасына ауыл, көрші-көлем көмек (ақшалай, заттай, малдай) көрсетуге міндетті. Еркекке қынсыз, пышақсыз, бәкісіз жүруге болмайды. Соғысқа үйдің жалғыз баласы алынбайды. Екеу болса біреуі, бесеу болса үшеуі, сегіз болса бесеуі соғысқа алынады. Жиенге сот жоқ. Күйеуі қайтыс болса, әйелі бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды. Әйелі қайтыс болса, ер адамға жылын күтпей үйленуге рұқсат беріледі. Жесір әйел ерден кетсе де елден кетпейді, күйеуінің ағасына не інісіне тұрмысқа шығуы тиіс. Егер әйел басқа біреуге кететін болса, бұл «жесір дауы» заңымен шешіледі. Қалыңдық абыройсыз болса және ол дәлелденсе, күйеу жағы қалың малын қайтарып алады. Ұрын келіп жүрген күйеу кейін қалыңдығын абыройсыз деп тапса, оның бұл сөзі қабылданбайды. Отанын, елін, дінін сатқандарды, дұшпанға жәрдемдескендерді ат құйрығына байлап, азаптап өлтіретін заң болған. Елге масқара болғанның, опасыздың, ұрының үйін ауылдан бөлек қондырған. Дала заңы бойынша ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар әкесінде қалады. Дін салты бойынша еркек төрт әйел ала алады. Еркектің белсіздігі анықталса, әйелінің айырылысуға хақысы бар. Әйел бала тумаса ері айырылысады және зәбірлемей төркініне еншісін беріп апарып салады. Ант бұзғанға айып бар.
"Жеті қазына" кітабынан
Оқи отырыңыз:
Отбасы жөн-жоралғысы
Жақсы сөз – жарым ырыс
Ауылдарды асыраған бұлақ көзі бітелуге айналды (Видео)
Смарт бесіктің құрастырушысы оның 12 ерекшелігі туралы айтып берді (Видео)
Дайндаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет: vk.com