Табиғатты аялайтын, оған жаны ашитын адамдар көп-ақ. Қоршаған ортаға деген махаббат пен қамқорлық қарапайым дүниелерден басталады. Қоқыс тастамау, қалдықты жинап жүру, табиғат аясына шыққанда ештеңені бүлдірмеуге, тастамауға тырысу – осының бәрі қарапайым ғана істер: әркімнің-ақ қолынан келеді. Біз таныстырғалы отырған экожоба – дәл осындай экобастамадан бастау алып, қазір экохабқа айналған жоба.
Бұл – елімізде алғаш ашылған отандық "Hello eco" атты экодүкен. Алматы қаласында орналасқан. Өнімдердің 40 пайызы – Қазақстанда жасалған экологиялық таза өнімдер. Мұндай экоөнімдердің ерекшелігі неде, қалай қолданамыз, экоөнімді қалай таңдаймыз – сол жайлы Massaget.kz тілшісі "Hello eco" дүкенінің менеджері әрі экоконсультант Сәния Ариновадан сұрап білді.
Zero Waste форматында
Дүкен әлеуметтік жобаға қарағанда экожобаға жақын. Мүлде қалдық пен қоқыс тастамауды дәріптейді, соны үйретеді. Бұл – Қазақстанда ашылып отырған тұңғыш Zero Waste форматындағы дүкен. Яғни, "нөл қалдық" дегенді білдіреді.
"Қазіргі экологияның ең үлкен проблемасы да сол – қоқыс пен қалдық. Әсіресе, пластик пен полиэтилен қаптама мен тауарлар көбейіп кетті. Мұндай химиялық заттар жер бетінде жүздеген жылдар шірімей, жоғалмай жата береді. Яғни, қазір біз ішкен бір бөтелке суымыздың ыдысын немере-шөберемізге дейін жетіп, соларға зиянын тигізуі мүмкін. Соны ойлаған экобелсенділер мүлде қалдық қалдырмайтын экожоба жасауды қолға алып, таза экоөнімдерді реализицияға шығаратын әрі оны бөлек әдіспен тасымалдауды дәріптейтін бағыт әкелді. Басқа экодүкендерден айырмасы сонда", - дейді Сәния Аринова.
Экожоба тұрғындарға артық қалдық тастамаудың қарапайым жолдарын ұсынады. Сатып алушылар өзінің ыдысымен келеді. Тауар мен экоөнімдерді сол ыдыстарына өлшеп салып алады. Ыдыстар – таза экологиялық құйма таралар: ағаштан, матадан жасалған себет, бөтелке, сөмке, экомөшек, тағы басқа.
"Өнімнің өзін рационалды қолдануымыз керек. Бір қаптаманы бір-ақ сатып алғанмен, оны толық пайдаланбауымыз мүмкін, ұнамай, жақпай қалуы тағы бар. Ондайда ыдысыңмен келіп өлшеп құйып не салып алған әлдеқайда тиімді. Тұтас қаптамаға қарағанда, өлшеп сатылатын өнімдердің бағасын шамалы арзандау етіп қоямыз. Бұл да стимул", - дейді экокеңесші.
Отандық тауарлар көп
Сәния Аринованың айтуынша, экожобадағы экологиялық өнімдердің тең жартысына жуығы – отандық, қазақстандық өнімдер.
"Отандық өнімдерді реализацияға шығарудың өзіндік себебі бар. Біріншіден, қазақстандық тауарды қолдау, әрине. Екіншіден, транспорт қалдығын азайту. Яғни, шетелден әкелінетін тауар логистикамен келеді, атмосфераға қалдық шығады. Одан да жергілікті тауарды сатылымға шығару әлдеқайда рационалды", - деп түсіндіреді экокеңесші.
Алматы қаласындағы экологиялық таза сабын және тігін өнеркәсібінің өнімдері, химиялық қоспадан ада тазалық пен жуып-шаю заттары, түрлі майшамдар, таза тағам өнімдері, киім-кешек – осының бәрі қазақстандық тауарлар. Арасында жеміс-жидек пен көкөністі жууға арналған заттар да бар. Бұларда химиялық қоспа жоқ, денсаулыққа зиян емес. Күнделікті қолданылып жүрген тазалық, шаруашылық заттарынан айырмасы көп. Ондай тауарда химқоспа көп болады. Ал экоөнімде табиғи қоспа қосылады.
"Ыдыс жуудың өзін экопроцеске айналдырдық. Оны жуатын ысқыш кәдімгі жөке ағашынан не люффадан жасалған. Кәдімгі кепкен өнім. Синтетикалық ысқыш тез кірлейді әрі қатты май сіңіп кетсе, тастауға тура келеді. Пластик сияқты ол да жүз жыл жатады. Ал табиғи өсімдіктен жасалған жөке майланып кетсе, жуып кептіріп алып ары қарай қолдана бересіз. Жарамай қалса, лақтыра салуға болады. Бұл кәдімгі ағаш қой, экологияға дым зияны жоқ. Біздегі тіс щетканың өзі бамбуктен жасалған. Үш айдан кейін қорықпай тастай беріңіз немесе отқа жағып жіберуге болады. Синтетика мен пластикті отқа жақсаңыз, зияны екі есе", - дейді Сәния Аринова.
Дүкенде ауыстырмалы тараларға арналған орын бар. Яғни, тұрғындар өзіне қажеті жоқ ыдыс-тараларды әкеп өткізіп кетеді. Оны басқа біреу тегін алып пайдалана берсе болады.
"Экоыдыс пен экосөмке ұстауды әдетке айналдыруымыз керек. Целлофан пакетті азайтудың бірден-бір жолы – осы. Экосөмкені тек дүкенде барғанда ұмытып кетпесеңіз, болды. Кірлесе, жуып аласыз. Экоәдет осыдан қалыптасады", - дейді маман.
Экохабтың тағы бір жақсы бастамасы – дармарка. Яғни, тұрғындар өзара бір-бірімен экоөнімдер алмасады. Мәселен, баланың ойыншығы, үй өсімдігі, кітап, тағы басқа алмастыруға болатын дүниелерді ауыстырады.
Экоөнімге сұраныс көп
Кеңесшінің айтуынша, қазір елімізде экологиялық өнімдерге деген сұраныс жыл сайын артып барады. Экоөнім модаға айналып келе жатқаны байқалуда.
"Сондықтан өндірушілер қазір экологиялық таза, табиғи өнім шығаруға көңіл бөле бастады. Қаптаманың сыртына эко эмблемасын қоюға құштар. Демек, халықтың экотауарға деген қызығушылығы артты деген сөз. Мұны біз дүкенге келушілердің көбейгенінен байқаймыз. Аяғы ауыр әйелдер, үйінде баласы бар адамдар түптің-түбінде таза, пайдалы экологиялық өнім алуға тырысатыны анық. Аллергиясы бар жандар да экоөнімге мұқтаж. Елімізге келген шетелдіктер де экодүкен іздейді. Әлемде ZeroWaste форматы өте танымал, бірақ Қазақстанға енді келе бастады", - дейді Сәния Аринова.
Экоконсалтинг
Аталмыш экожоба сатумен ғана айналыспайды, сонымен қатар экологиялық білім мен кеңес берумен де шұғылданады. Дүкенге келген әрбір жанға экоөнімді тұтынудың, экологияға зиян тигізбеудің мәні мен жолдары түсіндіріледі, кеңес беріледі.
Сондай-ақ, мектеп пен университетте экобелсенділермен кездесу ұйымдастырады.
"Дәріс оқимыз. Оқушылар мен студенттерге қалдық сұрыптауды үйретеміз. Биыл 20 мектепке барып, оқушыларына дәріс оқып, экологияны қорғау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, тауға шығу, экосаяхат жасау жайлы сөз қозғадық, сабақ бердік. 16 мектептен макулатура жинадық. Барлығы 140 тонна қағаз жинаған екенбіз. Мектеп пен жоғары оқу орындары – макулатура ең көп шығатын орын. Кейде мектеп оқушылары бізге, дүкенге келіп, экскурсия жасайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға келген экобелсенділер біздің дүкенге бас сұқпай кетпейді. Экоблогерлердің де сүйікті орнына айналды", - дейді Сәния Аринова.
Шағын лайфхак
Экокеңесші Сәния Аринова оқырмандарға табиғатты қорғауға септігі тиетін әрі қаржы үнемдеуге көмектесетін мынадай лайфхактар ұсынды.
"Біріншіден, су құятын бөлек бөтелке алып жүріңіз. Суды дүкеннен қауырсын бөтелкемен сатып алмай, кез келген мейрамхана, кафе мен асханадан өзіңіз ұстап жүрген ыдысқа ауызсу құйдырып алыңыз. Тегін. Бүкіл тамақтану орындарында су тегін беріледі. Мұны есте ұстаңыз. Ал дүкеннен сатып алған 100 теңгелік судың 80 теңгесі – бұл бөтелкенің құны екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Екіншіден, егер бәрібір дүкеннен су сатып алған болсаңыз, шыны, пластик бөтелке болсын, бәрін жинап жүріңіз де фандоматқа апарып өткізіңіз. Әжептәуір тиын-тебен. Тіпті, біздің дүкенге әкеп фандоматқа өткізсеңіз, жеңілдіктер беріледі.
Үшіншіден, кофе құятын ыдысты да бөлек алып жүріңіз. Кофе сатып аларда, өзіңіздің ыдысыңызға құйдырып алсаңыз, біраз арзандау түседі", - деп кеңес берді маман.