Облыс әкімі А.Баталов Алматы қаласындағы өкілдік ғимаратында Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны қабылдады. Кездесуде Қарасай ауданы аумағында Қазақстан мен Қытайдың Шаньси провинциясы арасында бірлесіп қолға алынып жатқан «Достық» деп аталатын алма бағын өсіру жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысқан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Коммунистік партиясының бас хатшысы Си Дзиньпиннің Отанында «Достық» бағын жасау туралы шешім ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің 2016 жылғы наурызда ҚХР-ға жасаған сапарында қабылданған.
Шаньси провинциясы өзінің тез пісетін алмаларымен танымал. Тұңғыш Президенттің туған жерінде алма бағын өсіруге бөлінетін 600 гектар жер осы жоба аясында қазақстандық ғалымдар мен студенттерді, оқытушыларды оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар бұл жерде көкөніс сақтау қоймасы салынады. Биылғы жылдың өзінде 100 гектар жерге бақ отырғызылады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 100 миллион долларды құраса, өнімді Қазақстанға ғана емес, Еуропа нарығына да өткізу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде ҚХР делегациясының жетекшісі, «СИТИК Resources» директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, «СИТИК-Қазақстан» ЖШС президенті Сунь Ян жобаның алғашқы кезеңінде Шаньси провинциясында алманың 3 сорты отырғызылғанын айтты. Сонымен қатар өсімдіктерді ғылыми зерттеу зертханасы салынады. Алма бағы жобасы арқылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында ауыл шаруашылығы бойынша екі жақты ынтымақтастық дамитын болады.
Дереккөз: Baq.kz